13:14, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатысты отырыс өтті
АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы филиалының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықтың халықаралық деңгейін бағалау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылдың 6 қарашасында Жемқорлыққа қарсы күрес форумында тапсырған міндеттемелерін орындау шараларының аясында ұйымдастырылды. Жиын Қазақстан криминологиялық қоғамдастығымен бірлескен түрде өтті және оған күш құрылымдарының, ЖОО-ң, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.Дөңгелек үстел барысында аталып өтілгендей, қазіргі заманда жемқорлық ауқымы ұлғая түсуде. Макроэкономикалық және саясиэкономикалық зерттеулерге сәйкес, жемқорлық халықаралық сауда-саттыққа миллиардтаған шығындар әкелуде. «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тоқмұхамед Садықовтың сөзіне сүйенсек, аталған мәселені шешу мемлекеттік саясаттың басымдыққа ие бағыттарының қатарына кіреді және ҚР Президентінің үнемі тікелей бақылауында.
«2005 жылы қабылданған 2006-2010 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күресудің мемлекеттік бағдарламасы сыбайласқан қылмыстарға қарсы әрекет етудің кешенді тәсілдерін қамтамасыз етуде. Алайда бұл мәселені шешуде бір мемлекеттің күші жеткіліксіз», дейді Т. Садықов.
Осыған орай «Нұр Отан» партиясының аймақтық және аудандық филиалдарының базасында жемқорлықпен күрес бойынша қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеуде. Алматы филиалының қоғамдық кеңесіне жыл басынан бері 50-ден астам арыз-шағымдар келіп түскен. Олардың басым бөлігі азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға қатысты болып отыр.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша аталған мәселені шешуге қатысты ұсыныстар әзірленіп, олар мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарға жолданбақ.