Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған музыкалық кеш болып өтті

АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматыда «Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған концерті болып өтті.

Алматыда  Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған музыкалық кеш болып өтті

Аталмыш кеш Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ұйымдастыруымен өтті.

Оқу орындардың студенттері мен қонақтары кеште халық шығармашылығымен танысып қана қоймай, шара аясында ұйымдастырылған семинарларда музыкалық аспаптардың қыр-сырымен танысты.

«Шара жастарды музыкалық бай мәдени мұрамызбен таныстыру, өнерге жақын тарту, олардың рухани, мәдени дамыған тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету мақсатында өткізілуде. Негізінен мәдени даму аясында өнер және мәдени шараларды өткізіп тұруды жақсы дәстүрге айналдырдық», - дейді кешті ұйымдастырушылар.

«Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттерінің бастамасымен 2008 жылы құрылған болатын. Құрушылардың айтуынша, ансамбльдің негізгі идеясы - ескі әндерді, көне аспаптарды жаңғыртып, фольклорлы-этнографиялық шығармаларды жаңа әуезділікпен жаңа өңдеуден өткізу болып табылады.

Бүгінде ансамбльдің мүшелері көптеген байқаулар және фестивальдардың лауреаттары. Қазақстанда, шет елдердегі мәртебелі концерттерде үлкен жетістікпен өнер көрсетіп келеді. Оның құрамындағы Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Хорлан Картенбаев, Серік Нұрмолдаев, Абзал Арықбаев сынды өнерпаздар сыбызғы, шаңқобыз, саз-сырнай, шертер, жетіген, шіңкілдек, домбыра, қыл-қобыз тағы да басқа аспаптарда шебер орындайды. Ал, ансамбльдің мүшесі Абзал Арықбаев ежелгі дәстүрлі тамақпен ән салу өнерін өте жақсы меңгерген.

Ансамбль орындаушылары өз қолына кең таралған аспаптармен қатар, сирек орындайтын аспаптарды орындаған сәтте көз алдыңа көнелікті сипаттайтын ерекше күйге бөлейтін композициялар, айрықша үнді дыбыстар еліктіріп алып кетеді. Жарықпен дыбыс күшейткіш техникасы мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана отырып, музыканттар сахнада кешегі мен бүгінгінің бейнесін ұмытылмайтындай етіп жасауда.

«Тұран» ансамблі 2010 жылғы шілде айында ҚР Бірінші Президенті қорының грантына ие болды.