Алматыда «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» деген тақырыпта Республикалық жыр мүшәйрасының ақтық сыны өтеді

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Тәуелсіздік қарлығашы - Желтоқсан көтерілісінің бағасы мен маңызы бұл іс-шараның басты тақырыбы болмақ.
Мүшәйраға қатысушы үміткерлердің осы тақырыпқа арналған өлеңдері 2011 жылдың 20 қазаны мен 20 қарашасы аралығында қабылданды. Қатысатын ақындардың жасына шек қойылмады. Мүшәйраға бұрын жарияланбаған өлеңдер ғана қабылданды.
Бақытжан Момышұлының төрағалығымен танымал ақын-жазушылардан құралған қазылар алқасы қазылық жасайтын болады.
Бас бәйгеге (Әлихан Бөкейханұлы атындағы) автокөлік тігілді. Бірінші орынға - 500 000 теңге, (Ахмет Байтұрсынұлы атындағы); Екінші орынға - 300 000 теңге, (Міржақып Дулатұлы атындағы); Үшінші орынға- 200 000 теңге, (Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы) тағайындалды. Бұнымен қатар, қатысушылар Қайрат Рысқұлбеков атындағы, Ербол Сыпатаев және Ләззат Асанова атындағы арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - «Ұлы дала» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Тариха әділеттілік» Республикалық қоғамдық комитеті. Мүшәйраның басты мақсаты - Желтоқсан көтерілісінің маңызы мен Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылда жеткен жетістіктерін бейнелеу.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлдегер шығармалар республикалық басылымдарда жарияланып, іріктелген өлеңдер жеке кітап болып шығады.