Алматыда тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы талқыланды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Еліміздің оқу орындарында, білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолданылуы мен үлес салмағы да қуантарлық жағдайда емес. Мәселен, республикадағы бүгінгі күні барлық мектеп оқушыларының 55 пайызы ғана қазақ тілінде білім алып отыр.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 20 жыл толды деп қуанамыз, бірақ сол кезеңдерден бері өз ана тілінде білім алатын қазақ балалары небәрі 58 пайызға ғана жетті. Еліміздегі 1 мың 300 балабақшаның 400-інде ғана бүлдіршіндер қазақ тілінде тәрбие алады. Бұл туралы Алматыда өткен, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» талқылауға арналған «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты "дөңгелек үстел" отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қатысушылардың айтуынша, 2006 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде жұмыс істейтін балабақша саны небәрі 92-ге көбейген. 1-6 жастағы қазақ балаларының 17 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. "Бұндай өкінішті мысалдарды жою үшін тек бірлескен іс-қимыл керек. Сонымен бірге, тіл мәселесі тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да жауапкершілігін талап етеді", деп атап өтілді жиын барысында.
"Былтыр қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толғанымен, бұл бағытта кемшіліктер жеткілікті. Шындығында, мемлекеттік тілді дамыту бойынша кемшіліктер әлі де орын алуда. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасына сәйкес, бірқатар министрліктер мен билік органдарының іс қағаздарын қазақ тіліне көшіргеніне біраз уақыт болды. Соған қарамастан, қоғамдық ұйымдардың сараптаулары бойынша мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мәселесінде айтарлықтай нәтиже болмай отыр. 2006-2007 жылы іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшкен министрліктердің бұл мәселедегі үлесі 25-30 пайыздан аспайды. Тіпті, қазақы болып саналатын облыстарда мемлекеттік тілдегі құжаттардың айналымы 70 пайызға әрең жетеді. Әрине, бұған алдымен орталық мекемеден келетін хат-құжаттардың басқа тілде жазылатындығы себеп болып отыр", деді «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген.
«Жерұйық» қоғамдық бірлестігі мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға тіл жанашырлары, жазушылар, тілші ғалымдар мен саясаткерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиын барысында ақын, қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов бағдарламаның қандай қажеттіліктен және қалай дүниеге келгендігін, сондай-ақ әлі де жетілдіре түсетін тұстарымен бөліссе, педагогика және медицина ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, «Алаш үні» ҚБ одағының төрағасы Советхан Ғаббасов келелі ойларын ортаға салды. Отырыс соңында ұсыныстар сараланып, басқосудың ортақ тұжырымдамасы қабылданып, ұсыныстар құзырлы органдарға жіберілетін болды.