Алматыда тұңғыш рет ауыр жүк көліктерін шығаратын өндірістік желі іске қосылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының Алматыда орналасқан автокөлік құрастыру кәсіпорнында жаңа өндірістік желінің іске қосылғандығы жарияланды. Мұнда енді сериялық түрде Қытайдың белгілі FAW маркалы ауыр коммерциялық жүк көліктері шығарылатын болады.
None
None

«Әлемде орын алған күрделі экономикалық жағдайға қарамастан біз бүгін жаңа жобаны іске қосып отырмыз. Оның жемісті болатындығына сеніміміз зор. Бұл кәсіпорында енді ірі торапты құрастыру үдерісі жүзеге асырылады. Яғни, автокөлік 100-ден астам бөлшектерден құрастырылады. Оның ішінде кабинаны және шанақты балқытып құрастыру, бояу жұмыстары да бар. Бұл жоба индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, бұл Алматыда жүк көліктерін жасап шығаратын жалғыз кәсіпорын», - деді «Астана Моторс» ҚМК атқарушы директоры Антон Афонин.

Сонымен қатар, ол неге Қытайдың China FAW корпорациясына таңдау жасалғанын түсіндірді.

«Бұл жоба бұдан 1,5 жыл бұрын қолға алынды. Біздің команда Қытайда жарты жыл болып, ірі 9 автокөлік өндіруші компанияда, өндірістік үдерістермен жете танысты. Біз үшін Қазақстанға белгілі, арзан әрі сапалы жүк көлігі қажет болды. Оның үстіне, біз автокөліктерін Қазақстанда құрастыруға және сол үшін технологияларын беруге дайын компанияны іздедік. Сөйтіп, ақыр соңында әлемге белгілі China FAW корпорациясын таңдадық. Өйткені, ол біздің шарттарымызға келіскен жалғыз компания болды. Содан, өткен жылы осы жерде алты автокөлікті құрастырып, сынақтан өткіздік. Әрбір көлік 3 мың шақырымды жүріп өтті. Жиналған ақпаратты қытайлық әріптестерге көрсетіп едік, олар біз құрастырған техниканың сапалы жасалғандығын және Қазақстанның жағдайына лайықты екендігін растады. Сөйтіп, біз биыл наурыз айында FAW корпорациясымен ынтымақтастық жөнінде Меморандумға қол қойдық. Мінеки, қазір алғашқы 25 автокөлік сатылымға шығарылуға дайын», - деді А. Афонин.

Айта кетелік, «Астана Моторс» ҚМК және China FAW корпорациясы арасындағы келісім Алматыдағы кәсіпорында FAW маркалы ауыр коммерциялық жүк машиналарын құрастыруды көздейді. Олар: жүк көтергіштігі 25 тоннадан бастап 40 тоннаға дейінгі өзі аударғыш машиналар және автобетонараластырғыштар.

Үстіміздегі жылдың өзінде компанияның автокөлік құрастыру кәсіпорны FAW коммерциялық техникасының 25 бірлігін шығаруды, 2016 жылда - 180 бірлігін және 2017 жылда - 300 бірлігінің шығаруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар