Алматыда "Тыныста, балақай" атты жоба басталады

АЛМАТЫ. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ертеңнен бастап Алматыда "Тыныста, балақай" атты жоба басталады. Акция жаңа туған нәрестелердің сырқаттануы мен өлім-жітімін төмендетуге арналған.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда аталмыш шараның басталуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында «АЯЛА» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов айтты.

Оның айтуынша, жоба Қазақстанның 13 облыстық перинатальды орталықтарының балаларға арналған реанимациялық бөлімшелерін қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыруға бағытталған. "Өткен жылы «АЯЛА» қайырымдылық қоры өкілдерінің ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде 2010 жылы желтоқсанда болған кездесуінде бұл жобаны бүкіл ел көлемінде бірігіп, республикалық ауқымда өткізу шешілген болатын. Негізінен біздің қор бұл жобаны 2008 жылдан бері атқарып келеді. Бұл акцияға «Кар-Тел» ЖШС-і, яғни «Билайн» компаниясы қолдау білдірді. Ынта білдірген Beeline-нің кез-келген абоненті қысқаша 1462 нөміріне жіберу арқылы бұл жобаға қатыса алады. sms-тің бағасы - 100 теңге. Абоненттер акцияға қатыса отырып, олар ана мен бала өлімінің алдын алуға өз ықпалын тигізе алады. Акция жылдың аяғына дейін жалғасатын болады", - деді Жангелді Сәрсенов.

Оның айтуынша, 2008 жылдан бері «АЯЛА» қоры Алматы қаласының перинатальды орталығы мен перзентханаларына 104 668 879 теңге сомасында заманауи қажетті медициналық жабдықтар берген. "Балаларға арналған реанимациялық бөлімшелерге тыныстау аппараттарын, реанимациялық үстелдер, инфузоматтарды, перфузорларды, медициналық таразыларды, фототерапия аппараттарын және басқа да көптеген жабдықтарды орнатып, сыйға тарттық. Сонымен қатар Алматының перинатальды орталығына заманауи рентгендік аппарат және айқындаушы процессор бердік. Ал, осы айдың соңына дейін жабдықтардың жаңа партиясын перзентханаларға беруді жоспарлап отырмыз. Осы жоба жаңа туған нәрестелердің сырқаттану мен өлім-жітімге ұшырау көрсеткішін 2,5 есеге төмендетті", - деп атап өтті Ж. Сәрсенов.

"Дамыған елдерде ана мен бала өлімі белгіленген көрсеткіштен жоғары емес, Қазақстанда көрсеткіш 22,7 пайызды құрап отыр. 2010 жылы бала өлімі 16,7 пайызды құрады. Өлім-жітімді азайтуға қарсы нақты жұмыстарды, қойылған міндеттерді атқарсақ, 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті екі есеге дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Атап өтер болсақ, қазіргі уақытта бала өлімі азаюының үрдісі байқалады. 2008 жылы еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес жаңа туылған нәрестелердің тірі қалуының жаңа өлшемдері қабылданды. Ондай өлшемдердің бірі салмағы 500 грамнан жоғары туылған нәрестелерді күтімге алу қажеттілігі болып табылады. Осы шаралар бала өлімін азайтуға өз ықпалын тигізуде. Мемлекет балалардың тірі қалуына барлық күштерін салуда барлық шараларды қолдануда", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының бастығы Мағрипа Ембергенова.

Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас педиатры Лейла Иманғалиеваның айтуынша, заманауи технологиялардың арқасында Алматыда бала өлімі 2010 жылы, 2008 жылға қарағанда 22 пайызға азайған.

Соңғы жаңалықтар