Алматыда үлгілі отбасынан шыққан алаяқ ұсталды

Жас жігіт халық тұтынатын тауарларды сататын сайттан ойын приставкалары және өзге де техникаларды жалға беру қызметін пайдаланған. Ол «Сони» маркалы приставкаларын жалға алып, базарға апарып сатып жіберген. Осылайша, 3 ойын приставкасы мен 1 теледидарды заңсыз сатып, 200 мың теңге пайда тапқан.
«Ұсталғаннан кейін кінәсін мойындады. Мақсаты материалдық жағдайын түзеу болғанын айтады. Бірақ, ақшаға не үшін, қаншалықты мұқтаж болғанын ашып айта алмады. Ұсталған жігіт толыққанды отбасынан шыққан. Әке-шешесі, үйі, білімі бар. Ол бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Уақытша жұмысы жоқ болғандықтан осындай қадамға барған секілді. Оның бұл әрекеті ҚР ҚК 190-бабының 1-тармағы бойынша алаяқтық қылмысына жатады. Жастардың, ақша үшін қандай да қадам жасауға ұялмайтыны қынжылтады. Олар, оңай жолмен келген ақшаның соңында заң алдында өзі жауап беретінін ұмытпауы керек», -дейді Алмалы аудандық ІІБ басшысы, полиция подполковнигі Данияр Меңдебаев.
Қазіргі уақытта ұсталған 1994 жылғы Алматы облысының тұрғыны уақытша тергеу абақтысына қамалды. ІІД баспасөз қызметі аталған адамнан зардап шеккендер болса, 254-46-00; 254-46-01 немес 254-46-12 нөміріне хабарласуды сұрайды.