Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда үстіміздегі жыл кассалық тәртіп жылы деп жарияланды

АЛМАТЫ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда салық органдары қызметінің 2011 жылдың 1-ші тоқсанының жұмыс қортындысына арналған кеңес болып өтті. Оның жұмысына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

Алматыда үстіміздегі жыл кассалық тәртіп жылы деп жарияланды

Әкім салықтың түсуі бойынша өткен жыл мен биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы жақсы екендігін атап өтті. «Дегенмен, жұмысты жандандырудың жолдары мен резервтері көп, солар толық іске қосылса салық түсімі де молаяды. 2011 жылдың 1-ші тоқсанында мемлекеттік бюджет болжамы 108%-ға орындалды, жоспардан тыс 17 млрд. теңге түсті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны - 128%, 50 млрд. теңгеге көп. Республикалық бюджет бойынша жоспар - 108% немесе 13,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Жергілікті бюджет төлемі бойынша жоспар үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында 109%-ға орындалды, ол 3,8 млрд. теңгеге көп. Республикадағы табыс бойынша Алматының үлес салмағы 1-ші тоқсанда 25%-ды құрады»,-деді қала басшысы.

Ахметжан Есімов өз сөзінде салықтың жақсы түсуі қала экономикасының дамығандығынан, жақсы салық базасының қалыптасқандығынан деп атап өтті.

«Жыл қорытындысы бойынша экономиканың бірқатар салаларында біз елеулі ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Транспортта өткізу айналымы 22 ден 161 млрд. теңгеге (7 есеге), өнімді өңдеу саласында өсім 430%, саудада - 390% (4 есеге), құрылыста 5 есеге артты. Соған қарамастан осы салалар бойынша салық түсімі төмен, түсім небәрі 5-10% құрайды, түскен салық көлемі өндіріс көлемінен аз. Бұл істі дұрыстап қолға алған жөн. Өсім мен түсетін салық арасындағы осыншама қарама қайшылық салықты төлеуден бас тартушылықты көрсетеді. Төленбеген салық көлемі миллиардтан асып кеткен», - деді қала әкімі. Ол жалған кәсіпкерлікпен күресте әкімдік салық комитетіне толық қолдау көрсететіндігін атап өтті.

Кеңес барысында қала әкімі үстіміздегі жылды кассалық тәртіп жылы деп жариялады. «Кассалық тәртіп жоқ жерде көлеңкелі экономика белең алады, яғни кәсіпорындарда, әсіресе кіші өндіріс орындарында салық тәртібі сақталмай отыр. Қарақшылар, алаяқтар, қылмыскерлер осылай пайда болады. Жалпы, салық қызметі дұрыс жұмыс істейтін болса, онда біз олардың ішкі дүниесін толық біліп, түрлі қылмыстың алдын алар едік. Егер көлеңкелі экономика ауқымын қысатын болсақ, онда қылмыс жасайтын база да азаяр еді», - деді Ахметжан Есімов. Ол бұл жұмысты ведомствалық кәсіпорындар мен ұйымдардан бастау керек деді.

Кеңесте көлеңкелі бизнестің қала рыноктарында орын алып отырғандығы да айтылды.

«Алматыда 34 рынок жабылады. Біз олармен қатаң жұмысты бастаймыз, бұл істі ретке келтірмесе болмайды. Өйткені, бұларда есепке алынбаған кірістер өте көп. «Көк базарды» мықтап қолға алған жөн. Оның басшылығы рынокты залогқа қойып, үлкен несие алған, мұнда көлеңкелі экономика кең қанат жайған. Алыпсатарлардан аяқ алып жүре алмайсың», - деді Ахметжан Есімов және құзырлы органдарға осы мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Кеңес жұмысын қортындылаған әкім көлеңкелі экономика аясының тарылып бара жатқандығын, бірақ бұл тоқмейілсуге жол бермейтіндігін атап өтті. Ахметжан Есімов барлық құзырлы органдар осы бағытта өздеріне жүтелген міндетті жете түсініп, жұмысты жандандырулары тиіс екендігін қадап тұрып айтты.