Алматыда ұйғыр әдебиетінің классигі, драматург Зия Сәмадидің құрметіне ескерткіш тақта ашылды

АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, ұйғыр әдебиетінің классигі, драматург Зия Сәмадидің құрметіне ескерткіш тақта ашылды.

Алматыда  ұйғыр әдебиетінің классигі, драматург Зия Сәмадидің  құрметіне  ескерткіш тақта ашылды

Қаламгердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ашылған ескерткіш тақта оның соңғы жылдары тұрған үйіне қойылды.

Мемориалдық ескерткіш тақтаның ашылуына Астана мен Алматы қалаларының зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, мәдениет қайраткерлері және жазушының туған-туыстары мен ұл-қыздары қатысты.

"Бүкіл әлем мәдениетін әлемдік ұлы мұхитқа теңесек, Қазақстан мәдениеті сол мұхиттың бір бөлігі. Ал ұйғыр мәдениеті сол теңізге құйылып жатқан арналы өзендердің бірі. Ол өзен Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы Зия Сәмади деген биік шыңнан бастау алады. Зия Сәмади еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, айтулы қаламгер. Оның "Маймхан", "Тайна годов", "Ғани Батур" романдары, "Іле жағасында", "Бір тартым темекі" және тағы да басқа повестері мен түрлі шығармалары бүгінде жұртшылығымыздың игілігіне айналды. Еліміздің мақтанышы Хизмет Абдуллин, Жамал Босақов, Шайым Шаваев сынды жазушылар Зия Самади есімін пір тұтып өссе, қазіргі уақытта Махмуд Абдрахманов, Ахметжан Ашири, Рахым Розиев, Абдуғопар Құтлықов сынды ұйғыр ақын-жазушылары Зия Самади жолын лайықты жалғастырып келеді",-деп атап өтті шараның ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Сұлтан Қалиұлы.

Зия Самади (1914-2000)- Қазақстанның болашақ дамуын халықтардың достығы мен үйлесімді келісімінде көре білген интернационал жазушы. Ол Қытай елінде, ауыл мектебінде мұғалім, газет қызметкері, кейіннен Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында мәдениет министрі болып қызмет атқарған. Сол ауданда Жазушылар одағын құрып, тұңғыш рет Жазушылар одағының съезін өткізген болатын. Ол ақындық өнерінің арқасында "Раушан" атты пъесасын жазып, шетелдік ұйғырлар драмматургиясының негізін салды. Қаламгер сонымен қатар, ұйғыр халқының бостандығы жолындағы күрестің басында жүрді. Сол күрес жайында жазушының "Ахмет әпенді" кітабында кеңінен жазылған. Ашаршылық кезінде шетел асқан жазушы кейін алғашқылардың қатарында елге оралған еді.

Прозаик сондай-ақ, қазақ-ұйғыр мәдени байланысын нығайту жолында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың шығармаларын шебер тәржімалаған. Зия Ибадатұлының әдебиетке сіңірген қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды және қаламгерге "Қазақстанның халық жазушысы" атағы берілді. Бүгінде Зия Самадидің шығармалары үлкен сұранысқа ие.