Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда үйінен жиі қашатын оқушы қыз табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы үйінен жиі қашатын 13 жасар қызды тапты. Ол қашуының себебін анасымен жиі дауласуымен түсіндірді.

Алматыда үйінен жиі қашатын оқушы қыз табылды

Қалалық ІІД хабарлауынша, 2 қараша күні жасөспірім үйінен тағы да қашып кеткен.

«Қыздың анасы полицияға хабарласқан соң, біздің бөлімше мен криминалды полиция бөлімінің қызметкерлерінен іздестіру тобы құрылды. Жасөспірім достарының үйінен табылды. Болған жайға баланы кінәлауға болмайды. Мұнда қыздың өміріндегі ата-ана рөліне назар аударған жөн. Үйден жүйелі түрде қашу - ата-ана мен бала арасындағы байланыстың, тіпті бақылаудың жоқтығын білдіреді. Ал бұл факторлар кәмелет жасқа толмаған тұлғаның қалыптасуына кері әсерін тигізеді: бос жүрген жасөспірімнің заңға қайшы әрекетке бармауына ешкім кепіл бола алмайды. Сол себепті, алдын алу шарасы ретінде бұл жанұядағы мәселені Наурызбай ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберу туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады Алматы қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаева.

Әзірге полиция қызметкерлері қызды Кәмелетке толмағандардың бейімделу орталығына жіберді. Жасөспірімнің үйден жиі қашуы, міндетті білімді алудан жалтаруы және ата-анасының бала тәрбиесімен айналыса алмауы ескеріле отырып, алдағы комиссияда қызды мінез-құлқы қиын балаларға арнайы білім беру ұйымына орналастыру мәселесі қарастырылады.