Алматыда V-ші «DIDAR» Республикалық жастар кинофестивалі өтіп жатыр
strong> Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда «Родина» кинотеатрында V-ші «DIDAR» Республикалық жастар кинофестивалі өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәстүрге айналған фестиваль биыл «Жаңа онжылдық - Қазақстан жастарының жаңаша серпілісі!» ұранымен VII қысқы Азия ойындарын насихаттау аясында және Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық ету құрметіне орай өтуде.
Шараны ұйымдастырушылар - Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы, «DIDAR» продюсерлік орталығы» қоғамдық қоры мен Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы.
Бесінші рет өтетін жастар кинофестивалінің мақсаты - жас режиссерлерге киноөндірістің кәсіби өкілдерінің назарын аудартып, операторлар мен дыбыс режиссерлері, сценаристермен әріптестік орнату, көпшілік көрермендер қызығушылығын жастар шығармашылығына аудару, Мемлекеттік тілдегі және патриотизмді дамытуға арналған туындыларға қолдау көрсету, оқу орындары мен шығармашылық ұжымдар арасындағы байланысты нығайтып, қатынас орнату, әдіс-тәсіл алмасу, көрермендерді қысқа метражды және деректі фильмдерге тарту.
Ресми ашылу салтанатынан кейін кинофестиваль өз жұмысын байқау фильмдерінің көрсетілімімен бастады. Фестивалдің бірінші күнінде 36 фильм көрсетіледі. Оның ішінде музыкалық клиптер, анимациялық, көркем және деректі фильмдер бар. Іріктеліп байқауға жіберілген туындылардың ең үздігін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, кинотанушы Бауыржан Нөгербектің төрағалығымен арнайы құрылған әділ қазылар алқасы 18 аталым бойынша таңдап, анықтайтын болады.
«Биыл фестиваль республикалық дәрежеге ие болды, алғаш басталғанда студенттік кинофестиваль болатын. Жылдан- жылға мәртебесі артып, қанатын жайып келе жатқанына қуаныштымыз. Мені бүгінгі жастардың кино өнеріне әуесқой ретінде ғана қарамай, кәсіби деңгейде қарап, сапалы фильмдерді жасағандары, түрлі жанрда әр түрлі фильмдерді түсіре алатындықтары қуантты. Біз олардың бойынан алға жылжуды байқап, ынталарының артқанын көрдік. Қазақстанда жас, талантты кинематографистер өсіп келе жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Сондықтан, біз оларға қолдау көрсетуіміз керек. Бұл байқау оларға жаңа мүмкіндіктерді ашуына ықпал етеді деп ойлаймын», деді «DIDAR» Республикалық жастар кинофестивалінің арт-директоры, іріктеу комиссиясының төрағасы, кинотанушы Нәзира Мұқышева. Оның айтуынша, байқауға қатысуға 146-дан аса өтініш пен жұмыс келіп түскен. «Оның 90-ын іріктеу комиссиясы байқауға жіберді. Биыл өткен жылға қарағанда өтініштер көп түсті. Жеңімпаздарға 18 аталым бойынша 2 жүлдеден тағайындалды, бірі студенттерге, екіншісі шығармашылық ұжымдардан түскен жұмысқа беріледі. Әрине, гран-при біреу болады», деді Нәзира Мұқышева.
Фестиваль аясында көрсетілімдермен қатар, шеберлік дәрістер, «Қазақстандағы жастар киносы - әлемдік кино индустриядағы орны» атты дөңгелек үстел отырысы, байқаудан тыс ақпараттық фильмдердің көрсетілімі өтеді.