Алматыда Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда таңғы сағат 08:00-де «Астана» алаңында Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ашылды.
None
None

Мұнда алматылықтар назарына азық-түлік өнімдерінің 50 астам түрі базар бағасынан 20-30 пайызға дейін төмен бағамен ұсынылды. Олардың ішінде ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс, шұжық, ұн, жарма, өсімдік майы секілді өнімдер бар.

Жәрмеңкені көруге келген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге жаймаларды аралап, тауарлардың сапасымен және бағасымен танысып шықты.

«Жәрмеңкеге қала тұрғындары жаппай келіп, тауарларымызды сатып алып жатыр. Жалпы, ауа райының, табиғаттың қолайлылығына байланысты бізде көкөніс ерте піседі. Сондықтан бүгінгі жәрмеңкеге азық-түлік өнімдерінің көптеген түрі қойылды. Оның үстіне Ораза айы жақындап келе жатыр. Соған байланысты тары, жент, бал секілді өнімдерімізді алып келдік. Жалпы Жамбыл облысынан Алматыға 93 млн. теңгеге 243 тонна ауыл шаруашылық өнімдері жеткізілді», - деді өз сөзінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Сонымен қатар, Кәрім Насбекұлы Алматы мен Жамбыл облысының өзара ынтымақтастығы жәрмеңке өткізумен ғана шектелмейтіндігін білдірді.

«Бүгінгі шараға Тараз қаласы мен Жамбыл облысының аудан әкімдері де келіп, Алматы қаласының аудан әкімдерімен кездесіп, өзара ынтымақтасу жөнінде тығыз байланыс орнатып жатыр. Енді күзде болатын жәрмеңкеге екі есе көп тауар алып келеміз деген үміттеміз» - деді К. Көкірекбаев.

Жалпы, Жамбыл облысының барлық 10 ауданы мен Тараз қаласының фермерлері Алматыға жалпы сомасы 93 млн. астам теңге болатын, экологиялық жағынан таза әрі сапалы 243 тонна өнім алып келіпті. Олардың ішінде 168 тонна - жеміс-жидек, 35 тонна - ет, 14 тонна - сүт өнімдері және 35 тонна - басқа да тауарлар бар.

Сонымен қатар, «демалыс күнгі жәрмеңкеге» «Алматы» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен қаламыздың 60 астам сауда және азық-түлік кәсіпорындары қатысып жатыр.

Сондай-ақ шара барысында Жамбыл облысының көркемөнерпаздар ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарының құрметіне концерт берді.

Жәрмеңке 14:30-ға дейін жұмыс істейді.

Айта кетелік, жәрмеңке өткізу барысында Төле би көшесінің Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесінің аралығындағы бөлігінде көлік қозғалысы тоқтатылады.

Соңғы жаңалықтар