Алматыда жаңадан түсірілген екі телехикаяның таныстырылымы өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Өмір сынағы» және «Шалғайдағы оқиға» атты екі жаңа телехикаяның таныстырылымы өткізілді. Оған аталған кинотуындылардың түсіруші құрамы, актерлер және отандық кино саласының басқа да мамандары қатысты.

Алматыда жаңадан түсірілген екі телехикаяның таныстырылымы өтті

Аталмыш телехикаялардың бас продюсері Данияр Жәнібековтың айтуынша, жоба авторлары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілік секілді құндылықтарға үлкен мән берген.

«Мәселен, «Өмір сынағы» телехикаясында мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруге құқығы бар екендіктері сөз болса, «Шалғайдағы оқиға» жобасында отаныңды мақтан етіп, ауылыңның көркеюіне, туған жеріңнің гүлденуіне үлес қосу тақырыбы тілге тиек етіледі», - деді Д. Жәнібеков.

«Өмір сынағы» телехикаясында зағип жігіттің рөлін сомдаған Алмас Шаяхметов қазіргі кезде қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарастың өзгергенін жеткізді.

«Бұрын «мүгедек» деген сөзді ойланбай айта салатын болсақ, қазір «ерекше қажеттіліктері бар адамдар» деп сөйлейтін болдық. Осының өзі - ол адамның бізден ештеңесі кем емес екенін, оның бізге ұқсамайтын жері тек бойындағы сол бір өзгешелігі екенін және бұған оның мүлде кінәлі емес екендігін мойындау», - деді А. Шаяхметов.

«Өмір сынағы» телехикаясы 2015 жылдың 23 қарашасында 20.00-де, ал «Шалғайдағы оқиға» 21 желтоқсанда «Жетінші арна» эфиріне шығады.

Жобалар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен түсірілген.