Алматыда жауған бұршақ қайталануы мүмкін - Қазгидромет

«Бүгін Медеуде, тау бөктерлерінде орналасқан метеостансалар найзағай ойнап, бұршақ жауғанын тіркеді. Жекелеген таулы аймақтарда жауын-шашын ықтималдығы біздің болжамымызда айтылды. Мұндай құбылыс осы айларға тән. Оны «аномальды» деп айта алмаймыз. Осы мерзімде ауа райы тұрақсыз. Алматының басым аймағында жауын-шашын жауған жоқ», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы бөлімшесі метеорологиялық болжам бөлімшесінің инженер-синоптигі Нұрлан Абаев.
Маман аталған құбылыстың келер тәуліктерде де қайталануы мүмкін екендігін айтты.
«28 мамырда атмосфералық тұрақсыздық сақталады. Жауын-шашынсыз. Түнде ауа температурасы 10-15, күндіз 25-30 градус болады. 29 мамырда ауа температурасы күндіз - 26-31 градус, түнде 12-17 градус деп болжанып отыр. Күннің екінші жартысында жекелеген аймақтарда Фронтальды ауа ағанының өтуіне байланысты жауын, бұршақ жауып, найзағай ойнап, екпінді жел тұруы ықтимал.
Мамырдың 30-31 күндері күн ала бұлтты, жауын-шашын түсуі мүмкін.
Ауа температурасы 22-20 градус болады», - деді ол.
«Негізінен таулы аудандарда мамыр, маусым айының басында атмосфераның тұрақсыздығы байқалады. Ішкі ауа массасында будақ жауын бұлттылығы пайда болады. Ол ылғал қоры жеткілікті болғандықтан, жер беті жеткілікті қызған жағдайда тез дамиды. Будақ жауын бұлттылығына бірнеше құбылыс тән. Ол - қысқа мерзімді нөсерлі жауын-шашын, найзағай, бұршақ. Бұлттылықтың әсерінен құйынды, екпінді жел пайда болады. Таулы алқаптар табиғи кедергі болғандықтан, бұлттылықтың қарқыны арта түседі», - деп қорытындылады маман.