Алматыда жауынға арналған кәріз жүйесі жасалмақ
Басқарманың хабарлауынша, бүгінде қалада қайта жасау бойынша жобалардың көпшілігі сараптамадан өтіп жатыр.
АрхКод жобасының өкілі Дэвид Камински Жібек жолы, Қазыбек би, Қонаев көшелерін қайта жасау кезінде нөсер суы ағатын кәріз жүйесі ескерілмегенін алға тартты.
Қала билігі жауын жауған кезде қаланың орталығын жиі су басып қалатынын алға тартты.
«Қазір арықтар жауынға қатысты кәріз жүйесі ретінде де, суғару жүйесі ретінде де жұмыс істеп тұр. Ал, қала көшелерінің бетінен көп химиялық зиянды заттар арық суымен топырақ суғаруға кетеді. Осылайша біз топырақты улап жатырмыз. Сондықтан, 2019 жылы жауын кәрізі жүйесін жасау керек. Бұл жағдайда жауын суы егінге кететін арық суынан бөлек ағатын болады», - деді Дэвид Камински.
Қалалық басқарма басшысының орынбасары Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешуді талап етеді.
«Жауын кәріз жүйесі қалаға өте керек. Оған ақша салу керек. Онсыз болмайды. Оны жасау үшін жауын суы қайда баратыны, қайда жиналатыны, қалай тазаланатынын ойластыру керек. Қалай десек те, жауын суы қаланың төменгі аудандарына кетеді», - деді Алмасхан Ахмеджанов.
Оның пайтуынша, 1970 жылдары Алматыда жауын жүйесі болған. Бірақ, оны жүргізу, таза ұстау көп қаржы талап еткен соң жүйе Кеңес одағы ыдырамай тұрып қараусыз қалған.