Алматыда «Жедел жәрдемді» жылына 30 мыңға жуық адам негізсіз шақыртады - Ж.Қасымжанова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы жұмыс сапары аясында ҚР Премьер министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне барды. Кездесу барысында қаланың медицина, әлеуметтік салаларындағы ең маңызды мәселелер талқыланды.
None
None

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова премьер-министрдің орынбасарына жедел жәрдемді негізсіз шақырушыларды заң бойынша жазалау тетіктерін қарастыруды айтты.

Оның айтуынша, бір жылда тұрғындардан түскен 30 мың қоңырау жалған болып шығады.

«Алматыда жылына жедел жәрдемді негізсіз шақыратындардан 30 мыңға жуық қоңырау түседі. Бір адам күніне үш рет шақыратын кез болады. Одан бюджетке 132 млн теңге шығын келді. Осындай негізсіз әрекеті үшін адамдарды жауапкершілікке тартатын нормативтік құқықтық актілер қабылдау мәселесін қарастыруыңызды сұраймын. Сондай-ақ, орталықтарға науқастарды шұғыл жеткізу үшін осы жылдың 4 айында 3,3 млн теңге кетті. 500-ге жуық әйел Алматыда тұрмаса да, осы қалада босандырылды. Оларға 40 млн теңге төленді. Осыған байланысты қалаға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемін қайта қарап шығуды өтінемін», - деді Ж.Қасымжанова.

Өз кезегінде вице-премьер аталған мәселені ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына жеткізетінін мәлімдеді.

Одан өзге Бердібек Сапарбаев Қазақстандағы медицина саласындағы аса өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Атап айтқанда, 2016 жылдың қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысын көбейту мәселесі қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ, маман тапшылығы да назардан тыс қалған жоқ.

«Алматы Қазақстанның мəдени, ғылыми қаржы орталығы деп атаймыз. Əлеуметтік сала əр уақытта жоғары деңгейде болған. Әлеуметтік шығындар 4 трлн теңгені құрайды. Негізгі барлық əлеуметтік төлемдер əлеуметтік жаупкершілік толығымен шешіліп жатыр. Соңғы тапсырмаға сəйкес, біраз өзгеріс жасау керек. Жұмыстың барлығы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталуы керек. Мемлекет басшысы 5 институционалдық реформаны ұсынған. Осыған байланысты экономикалық өсімді төмендетпеуіміз керек», - деді Б.Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар