Алматыда жол жүру ережесін бұзғандарға «айыппұл төленді» деген мөр басып беретін әйел ұсталды

Бұл туралы қаланың ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Әйелді тінту кезінде одан «Алматы қ. ІІД ЖПБ», «Алмалы ауданы ІІБ кезекші бөлімі» және Алматы қ. ІІД ЖПБ қызметкерінің «төленді» деген жазуы бар мөрлері мен 14 түрлі таңбалар тәркіленді.
Әйел алматылық тұрғынның арызы бойынша қолға түсті. ҚР ҚК-нің 177 бабы 1-бөлімі бойынша («Алаяқтық») қылмыстық іс қозғалды. Енді ол 200-700 АЕК көлемінде айыппұл төлеу, 180-240 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылу, 2 жылға түзеу жұмыстарына жегілу, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру сияқты жазалардың біріне кесілуі мүмкін.
Қазіргі кезде іс ҚР ҚК-нің 192 бабы («Жалған кәсіпкерлік») (2-5 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе мүлкін тәркілей отырып 3-7 жылға бас бостандығынан айыру) бойынша Алматы қаласы, Бостандық ауданының ІІБ-на жіберілді.
Ұсталған әйел 1970 жылы туылған Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Қазір ол қылмыстық із кесу органдарына келуге міндеттейтін қолхатпен үйіне жіберілді.