Алматыда жүрек ауруларының емі жайында ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Айқан Ақановтың айтуынша, бұл шара университеттің 80 жылдығына орай өтіп отыр. «Республикамыздың 5 облысында да дәл осындай шаралар өткіздік. Онда дәрігерлерді жинап, қазіргі күнгі өзекті мәселелерді көтере отырып, олардың білімін одан әрі жетілдіру мақсатында және тәжірибемізбен бөлісу үшін ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткіздік. Ал бүгінгі конференцияның тақырыбы өте өзекті мәселе болып отыр, өйткені жүрек ауруының бұл түрімен ауыратындар 2001 жылы 35 пайызды құраса, қазіргі күні 43 пайызға жеткен», дейді А.Ақанов.
Шара аясында әр аймақтан келген дәрігерлер жүрек, қан аурулары және олардың алдын алу, жаңадан шығып жатқан диагностика мен ем түрлері төңірегінде баяндамалар оқып, өзара тәжірибе алмасуда.
«Соңғы 2-3 жылда Шымкент қаласында жүректің миокарт инфарктісімен ауыратындар саны төмендеуде. Оның себебі жедел-жәрдем саласын жаңа автокөліктермен қамтамасыз ету, бригадалар санының көбеюі, халықтың көп күтпей тез ем алуы мен дәрігерлердің білімін жетілдіру жұмыстарының нәтижесі деп ойлаймын», дейді Оңтүстік мемлекеттік фармацевтика академиясының маманы, профессор Сейсенгүл Қалқабаева.
Конференцияға Алматы кардиология диспансерлерінің және облыстық денсаулық сақтау орталықтарының мамандары мен Ресей, Украина, Қырғызстан сияқты елдердің дәрігерлері қатысуда.