Алматыда жыл басынан бері 200-ден астам қылмыс тіркелді - ІІД басқармасы бастығының орынбасары
АЛМАТЫ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда ағымдағы жылы тіркелген 200-ден астам қылмыстың 105-і есірткіні таратумен байланысты болды.
Бұл туралы бүгін қалалық ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Ермұрат Изгутеев Халықаралық нашақорлық пен заңсыз есірткі айналымына қары күрес күніне орай өткізілген баспасөз мәслихатында айтты.
«Нашақорлық пен заңсыз есірткі айналымына қарсы күресті тек құқық қорғау органдарының ісі деуге болмайды. Оған күллі қоғам мүшелері атсалысуы керек. Нашақорлықтың алдын алуда жастар арасындағы үгіт-насихат жұмысының маңызы зор. Биыл қалада 190 келіден астам есірткі заттары тәркіленді», - дейді Е.Изгутеев.
Оның айтуынша, соңғы 10 жылда нашақорлық пен заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Егер 1999 жылдары қаладағы кез келген көп пәтерлі үйлердің аулаларында есірткі қабылдау құралдары шашылып жатса, қазір мұндай бейберекетсіздіктер тыйылды. Тіркеуде тұрған есірткіге тәуелділердің саны да айтарлықтай азая түсуде.
«Бұл біздің босаңсуымызға жол бермейді. Қазір заңсыз есірткі таратушылар оның жаңа түрлерін шығара бастады. Олар елімізге Қытай, Кипр, Чехия сияқты елдерден әкелінеді. Мәселен халықаралық әуежайда кеден қызметкерлері осы айда есірткінің жаңа түрлеріне қатысты 3 фактіні анықтады. Қазір оған сараптама жасалуда. Бұл жұмыс кейде 20-30 күнге дейін созылады. Ал жастар көп жиналатын түнгі клубтарда жыл басынан бері 7 факті анықталды», - дейді Ермұрат Изгутеев.