Алматыда жыл басынан бері 4 мыңдай жүргізуші қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері 4 мыңдай жүргізуші қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Алматыда өткен бір тәулік ішінде жол-патрульдік полиция экипаждары жол қозғалысы барысында қауіпсіздік белбеуін тағу туралы талапты елемеген 143 жүргізушіні ұстады.

«Бұл ереже бұзушылық әрекет бір қарағанда аса маңызды емес сияқты көрінеді. Бірақ, бұл фактор жол қозғалысы барысында маңызды рөл атқарады. Жол-көлік оқиғалар барысында талай адамның өмірі осы қауіпсіздік белбеуінің арқасында сақталғаны белгілі. Өкінішке қарай, осы ережені елемеу салдарынан ауыр жарақат алып қалу фактілері де жетіп артылады. Сондықтан, жол қозғалысы барысында қауіпсіздік белбеуін міндетті түрде тағып алу қажет» - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.

Сонымен қатар ол кейбір жауапсыз жүргізушілердің жол қозғалысы барысында ұялы телефонмен де сөйлесетіндігін атап өтті.

Жыл басынан бері ереже бұзушылық әрекеттің осы түрі бойынша Алматыда 1700-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал өткен бір тәулік ішінде көлік айдап бара жатып ұялы телефонмен сөйлескен 139 жүргізуші анықталды.

Соңғы жаңалықтар