Алматыдағы 718 пәтер иелері кооперативінің 318-інде басқарушы директор болмақ
АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 718 пәтер иелері кооперативінің (ПИК) 318-інде басқарушы директор болады.
Қала әкімі бүгін тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған алқалы жиында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.,
"Өткен жылғы мәжілісте біз ПИК жұмысын жандандыру және оның қызметінің ашықтығы мен тұрғындар алдындағы есептілігіне келістік. Бұл бағытта бірқатар жетістікке қол жеткіздік. Әйтсе де олардың жұмысына қатысты шағымдар әлі жалғасуда. Биыл қалалық әкімшілікке 158 шағым түсті. Мәселен, Алмалы аудандағы "Жетісу" ПИК-не - 10, "Достық" ПИК-не - 8, "Арман" ПИК-не - 6, Әуезов ауданындағы "Жұлдыз-16" ПИК-не - 7, Бостандық ауданындағы "Алла" ПИК-не - 5, "Жандосов-34" ПИК-не - 5, Медеу ауданындағы "Аян" ПИК-не - 8, ал Түркісіб ауданындағы "Элерон" ПИК-не - 7, "Виктория" ПИК-не 6 арыз түсті", дейді Ахметжан Есімов. Қала басшысының айтуынша, тұрғындардан құқық қорғау органдарына да осындай 425 өтініш түскен. Оның 127-сі - қалалық сотқа, 215-і - прокуратураға, 13-і - қаржы полициясына, 8-і - ішкі саясат департаметіне, 62-сі мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық қадағалау департаментіне берілген.