Алматыдағы балаларына 130 миллион теңгеге жуық берешегі бар «қашқын» әкелер бар
АЛМАТЫ. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Статистикалық мәліметтер бойынша елімізде орта есеппен 100 мыңнан астам ана мен бала «қашқын «әкелердің жолына қарайлап, шарасыздықтың күйін кешуде. Бұл туралы Алматыдағы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Заң және біз» бағдарламасының ұжымы өткізген алименттік төлемақы жөніндегі дөңгелек үстел жиынында айтылды.
Жоба продюсері Сәуле Жиреншинаның айтуынша, бұл шараны өткізуге жалғызбасты аналардың алименттік төлемақыны өндіре алмай, бағдарламаға жанайқайын жеткізген көрермендердің толассыз хаттары арқау болған. Статистикалық мәліметтер бойынша, өзектерін жарып шыққан ұл-қыздарына алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер саны елімізде 90 мыңға жуық. Ал «қашқын» әкелердің Алматы қаласының өзінде балаларына берешегі 130 миллион теңгеге жуықтайды екен. Жауапкерлер түрлі сылтау айтып, ақша төлеуден бас тартады. Ал құзырлы орын өкілдері бұған шарасыздық танытса, заңгерлер ҚР «Неке және отбасы туралы Кодекстің» олқы тұстарын алға тартады.
Жалпы «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Заң және біз» тележобасы қыркүйек айынан бастап тікелей эфирге шығып келеді. Хабардың басты мақсаты - көрерменнің құқын қорғайтын ашық алаңға айналып, болашақта барша қазақ жұртына құқықтық кеңес беретін сенімді серігіне, білікті қорғаушысына айналу.