12:56, 09 Қараша 2011 | GMT +5
Алматыдағы екі полиция қызметкерінің өліміне қатысты қылмысты ашуға бар күшімізді саламыз - ІІМ
ТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алматыда өлтірілген екі полиция қызметкеріне қатысты қылмыстың ашылуына бар күшімізді саламыз. Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Кеше сағат 20.20-да Алматыдағы Райымбек-Момышұлы даңғылының бұрышында автотору қызметкерлері «Мицубиси Галант» көлігін тоқтатқан. Аталған көліктен белгісіз біреулер полиция патрулдеріне оқ жаудырған», - деді ресми өкіл.
Осының нәтижесінде бір полиция қызметкері оқиға орнында қаза болып, ал екіншісін ауруханаға апара жатқан кезде жан тапсырды.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Алматының ішкі істер департаменті жақын орналасқан облыстық ішкі істер департаментінің құрылымдық күштері осы қылмысты ашуға жұмылдырылып отыр.
«Біз жақын арада осы қылмысты ашуға бар күшімізді саламыз», - деп атап өтті Н.Ораз.