Алматыдағы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде 170 туынды сынға түседі

Мерейтойлық фестиваль қазақтың атақты режиссері Шәкен Аймановтың жүз жылдығына арналады.
Кинофорумның конкурстық бағдарламасына Еуропаның, Азияның және ТМД елдерінің кинотуындылары енеді. Биыл фестивальге қатысуға Қазақстан, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Қырғызстан, Израиль, Бельгия, Өзбекстан, Ирак, Түркия, Үндістан, Қытай, Малайзия т.б. елдерден 170 картина түскен.
«Еуразия-2014» комиссиясының құрамында сценарийші, режиссер, актер, продюсер Серік Апрымов, сценарийші, режиссер Ғазиз Насыров, сценарийші, режиссер, продюсер Нариман Төребаев, кинотанушы журналист Галина Леонова болмақ. Комиссия төрағасы - жазушы, кинодраматург, «Қазақфильм» студиясының бас редакторы Дидар Амантай.
Кинофестиваль аясында Ш.Айманов шығармашылығына арналған бірқатар шаралар өтеді. Атап айтқанда, режиссердің қолынан шыққан фильмдердің ретроспективасы, кітап-альбомның таныстырылымы, деректі фильмнің премьерасы және еске алу кешін өткізу жоспарланған, деп хабарлайды kinostan.kz.