Алматыдағы халықаралық семинарда исламдық микроқаржыландыру жүйесі талқылануда (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұйымдастыруымен исламдық әлеуметтік қаржыландыру бойынша халықаралық семинар басталды.
Оған исламдық қаржыландыру мен микроқаржыландыру саласы бойынша беделді халықаралық және қазақстандық сарапшылар, Ислам Даму Банкінің қызметкерлері, қаржылық және микроқаржылық ұйымдар, банк саласы мен сақтандыру компанияларының өкілдері қатысуда.
«Бүгінгі семинарды өткізудегі басты мақсат - қатысушыларды исламдық этикалық микроқаржыландыру тұжырымдамасымен, оны Қазақстандағы әлеуметтік жағдайға бейімдеу технологияларымен, микро-такафул (табыстары төмен адамдарды сақтандыру) исламдық сақтандыру жүйесімен таныстыру. Сондай-ақ, мұнда шариғатқа негізделген исламдық әлеуметтік микроқаржыландыруға қатысты кедергілер мен мүмкіндіктер талқыланады. Жалпы, бұл семинар микроқаржы саласында еңбек ететін отандық мамандарға шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, - деді семинарда сөйлеген сөзінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Нармұхан Сарыбаев.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда Қазақстанда исламдық қаржыландыруға қоғам тарапынан қызығушылық артып келе жатқандығын жеткізді.
«Біз 2012 жылдан бастап, Ислам Даму Банкі бөлген қаржыға исламдық қаржыландыру жүйесін іске асыруға кірістік. Бұл үшін исламдық қағидаттар негізінде әдістеме әзірленіп, қызметкерлер оқытылды және жаңа несиелеу бағдарламалары бекітілді. Қор, арнайы «Мурабаха» бағдарламасы аясында күні бүгінге дейін 3,2 млрд. теңгеге 1000 жуық жобаны қаржыландырып үлгерді. Оның ішінде 1,5 млрд. теңге - Ислам даму банкінің қаражаты. Ал қалғаны өзіміздің айналымдағы қаржымыз. Құдай қаласа, алдағы жылы Ислам даму банкінен ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға 30 млн. АҚШ долларын алуды жоспарлап отырмыз», - деді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы.
Бұл жерде ол шариғатқа негізделген исламдық қаржыландырудың ерекшелігіне тоқталды.
«Мұрабаханың» ерекшелігі неде? Мұнда ақша қолға берілмейді. Мысалы, тұтынушыға трактор керек болса, біз оған делдал ретінде дилерден трактор сатып алып береміз. Ал ол, оның құнын белгілі бір мерзім аралығында бөліп төлейді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі жоқ. Бірақ, біздің әкімшілік шығындарымыз трактордың құнына үстеме баға ретінде енеді. Жалпы, тұтынушыларға берілетін қаржының негізгі бөлігі ауылшаруашылық техника мен мал, автокөлік, құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталған», - деді Н. Сарыбаев.
Семинарда Сауд Арабиясы, Иран, Түркия, Малайзия секілді елдерден келген мамандар өз тәжірибелерімен бөліседі.