Алматыдағы өнеркәсіп орындары 11 айда 562 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді
АЛМАТЫ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на қарасты компаниялардың мемлекеттік сатып алуда қазақстандық мазмұндағы Алматы қаласының үлесі 11 айда 65 пайызды құрады.
Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Бұл туралы бүгін Алматыда мемлекеттік сатып алуға арналған кеңесте айтылды.
«11 айда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға қарасты компаниялардың Алматы қаласынан мемлекеттік сатып алуы 738 млрд. теңгеге жетті. 11 айда қаладағы өнеркәсіп орындары 562 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 11 айда 9,8 пайызды құрады», - деді қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуда «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың ірі жеткізушілеріне жататын қаладағы белсенді кәсіпорындардың қатарына «Алматы ауыр машина жасау зауыты», «Белкамит», «Логиком», «Мұнай аспаптары» «Сайман» корпорациясы», «Ырысты-АЭВЖЗ» АҚ-тары енеді. Қазақстандық мазмұнның нәтижесінде дағдарыс кезінде де бірқатар өндіріс орындарының өсімі 40-60 пайызға дейін жетті. Мәселен «Белкамит» АҚ Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғыртуға белсенді түрде қатысып, бұрын шығармаған жаңа өнім шығаруға қол жеткізіп отыр.