Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыға ииновациялық автобус келді

АЛМАТЫ. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыға «Инновациялық форсаж» байқауының телевизиялық нұсқасының белгілерімен арнайы автобус келді.

Алматыға ииновациялық автобус келді

Мақсат - маусым айында құжат жинау рәсімі басталған NIF$50K инновациялық бизнес  жобалар республикалық байқауы жөнінде ел тұрғындарын құлақтандыру және кәсіпкерлерге, өнертапқыштарға және өзге де қарапайым азаматтардың  жобаларына қолдау көрсету.

«Біздің  қалалық әкімдіктегі бұл отырысымыз да мемлекет тарапынан инновациялық жобаларға берілетін қолдау тақырыбына арналып отыр. Онда жергілікті инноваторларға, кәсіпкерлерге қайдан, қандай қолдау ала алатыны туралы мәлімет беріп жатырмыз. Мемлекет инновациялық жобаларға үлкен қолдау көрсетуде.  Оның ішінде инновациялық гранттар, технологиялық бизнес-инкубация қызметі, конструкторлық бюролар, технопарктер жұмыс жасауда. Өкінішке орай оны жұрттың бәрі бірдей  біле бермейді», - дейді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры Бауыржан Айтілеу. Оның айтуынша, инновациялдық гранттарды беру бағдарламасы 2010 жылы басталды. Оған мемлекет алғашқы жылы 1,7 млрд. теңге бөлсе, былтыр оның көлемі 7,5 млрд теңгеден асты. Бұл гранттар бойынша 2010 жылы 18 жобаға, ал 2011 жылы 129 жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Оған қоса басқа да тетіктер арқылы инновациялық жобалар көмек алуда.

Б. Айтілеудің сөзіне қарағанда, биыл инновациялық гранттарға мемлекет тарапынан  4 млрд. теңгедей қаржы  бөлінді. Оның көлеміне қарап азаматтар мемлекет тарапнан бөлінетін  қаржы азайды деп ойлауы мүмкін. Шындығында бұл олай емес. Биыл оның берілу жолдары біршама өзгерді. Мәселен, бұрын мемлекет инновациялық жобаларға толық қаржы бөлсе, енді кәсіпкер оған өз тарапынан да ақша бөлуі тиіс. Бұл оның жобаны жүзеге асырудағы жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр.

         Жалпы NIF$50K инновациялық бизнес  жобалар республикалық байқауын «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ «Нұр Отан» ХДП қолдауымен ҚР Индустьрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп жүзеге асыруда. Ол «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының аясында жаңа технологияларды қолдау, өнертапқыштар мен ииновациялық бизнес жобалары жасақшыларын оқыту, тұрғындардың инновациялық белсенділігін жоғарылатуға бағытталған.

«Инновациялық автобустардың  салтанатты шеруі 9 тамызда Астанада басталған болатын. Олар осы уақытқа дейін  7 қалада болды. Енді айдың аяғына дейін  ол Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Атырау, Ақтау қалаларын араламақ.