Алматылық азаматтар 14 миллиардтан астам теңге көлеміндегі салық төлеуден жалтарып, қолға түсті
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жалған кәсіпкерлікке жол беру әрекеттерінің басым бөлігі салықтан жалтару арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, Алматыда К.Назаровтың мүлкі тәркіленіп, 5,5 жылға бас бостандығынан айырылса, Р.Кәрібаев пен М.Исабаев 4,5 жыл өмірін абақтыда өткізеді. Олар бірнеше жалған кәсіпорындарды тіркеп мемлекетке 14 миллиард 769 миллион теңгенің салығын төлеуден жалтарған. Сондай-ақ Алматыда Б. Деген азаматшаға қатысты іс соттың қарауына жіберілген. Аталмыш азаматшаға 20 түрлі іс бойынша айып тағылып отыр. Ол 20 жалған кәсіпорын құрып, салақ төлеуден жалтара отырып, мемлекетке 1 миллиард 429 миллион теңгеге залал келтірген. Қазіргі таңда аталмыш азаматша қамауда отыр.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, қазір басқа коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтаруға көмектесу де жалған кәсіпорын құраудағы басты мақсаттардың бірі. «Осындай себеппен Оңтүстік Қазақстан облысында А.Аманов атты азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол «Дәриға - Е» жалған кәсіпорнын құрып, жалған бухгалтерлік құжаттар арқылы коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп отырған. «Нәтижесінде бюджеттегі
148 миллион теңгенің орны ойсырап қалды. Осы облыста тап осындай қылмыс жасаған 2 азамат мемлекетті 1 миллиард 900 миллион теңгеге шығындандырып, қазір сот үкімін күтіп отыр», деді ресми өкіл.