Алматылық дәрігерлер кальянға қарсы

АЛМАТЫ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Нашақорлық пен заңсыз есірткі айналымымен күресте кальян назардан тыс қалуда.

Алматылық дәрігерлер кальянға қарсы

Бұл туралы бүгін Алматыда Халықаралық нашақорлық пен заңсыз есірткі айналымына қары күрес күніне орай өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды.

«2009 жылы енгізілген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексті әзірлегенде оған кальян кірмей қалған. Кейін зерттеп көрсек, оның құрамы темекі құрамына ұқсас болып шықты. Оны көбі білмейді. Демалыс орындары кальянда микстің ішіне  апельсин, лимон, қауын саламыз деп жарнама жасап, жастарды өзіне еліктіруде», - дейді қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлсара Сүлейменова.

Оның айтуынша, дәмхана-барлардың жарнамасынан кейін  жастар кальян шегуді сәнге айналдыруда.  Сондықтан 2010 жылы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске жаңа өзгерістер енгізген кезде оған кальянды да енгізу туралы  ұсыныс жасаған. Өйткені оны әрбір мекеме өзі жасағандықтан оған түрлі қоспалармен бірге есірткі заттарын да  қосуға да болады.