Алматылық дәрігерлер тұңғыш әнұрандарын орындады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері өз әнұрандарын қабылдады. «Жан қорғаны - дәрігер» атты жаңа ән тұңғыш рет бүгін медициналық қызметкерлер күніне орай салтанатты жиын барысында орындалды.

Алматылық дәрігерлер тұңғыш әнұрандарын орындады

Мерекелік шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің вице-министрі Александр Цой, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, ҒЗИ мен ҒО, республикалық медициналық мекемелердің басшылары, жекеменшік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, бүгін 2015 жылдың үздік медицина қызметкерлері арасында өткізілген қалалық конкурстың жеңімпаздары анықталды. Қала әкімінің марапаттау қағазымен, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен денсаулық сақтау саласын елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды.

«Гиппократ антына адал, әрдайым сабырлық сақтайтын шеберлік иесі ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтаймыз. Қаламызда республикалық, қалалық деңгейдегі медициналық мекемелерде 30 мыңнан астам адам қажымай шипагерлік етуде», - деді қала әкімі құттықтау сөзінде.

Қала басшысы Алматының медицина саласында жеткен жетістіктерін атап өтті. Кеш соңында медицина қызметкерлеріне арнап мерекелік концерт ұйымдастырылды.