Алматылық кәсіпкерлер қалаға қосылған елдімекендерде әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуда
Мысалы, Медеу ауданындағы «Сұлусай» шағынауданында фелдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады. Бұл туралы Алматы әкімдігі мен «Falcon Petroleum» ЖШС арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында белгілі болды.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің одан әрі дамуына зор ықпал ететін осындай ұтымды бастамалар көтеріп жүрген жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін ерекше атап өтті.
«Falcon Petroleum» - құрылыс саласында мол тәжірибе жинақтаған компания. Ол өткен жылы қараша айында Мемлекет басшысының қатысуымен Медеу ауданында ашылған балабақша құрылысының бас мердігері болған. Бұл, компанияның бірінші жобасы емес. Қазір, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында компания Медеу ауданында 600 орынды мектеп құрылысын жүргізіп жатыр», - деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде «Falcon Petroleum» ЖШС-тің құрылтайшысы Мұрат Әділханов өз компаниясы қаланың әлеуметтік маңызды жобаларына белсенді түрде араласып келе жатқандығын айтты. Ол
«Сұлусай» елдімекенінде медициналық пункттің болмауы көп нәрсеге қиындық туғызғандығын атап өтті. Фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылса, елдімекен тұрғындары медициналық көмек алу үшін 25 шақырымнан астам жол жүрмейтін болады.
«Сұлусай» Алматыға 2014 жылы қосылған. Онда 500-ден астам адам тұрады.
Алматы әкімдігі бұл күні «АТЦ-галерея» ЖШС мен де Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді осы ынтымақтастық аясында «Дәстүрлі өнердің заманауи театры» жобасы қолға алынады және ол «Целинный» кинотеарында орналасады. Осылайша, аталған шаралар барысында жергілікті бюджет қаржысы үнемделіп, жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтереді.