Алматылық волейболшылар клубтық Азия чемпионатына қатысу үшін Шанхайға аттанып кетті

None
None
АЛМАТЫ. 26 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 2 апталық соңғы оқу-жаттығу жиынынан кейін ұлттық құрама мүшелерімен күшейтілген «Алматы» волейболшылары  клубтық Азия чемпионатына қатысу үшін Қытайдың Шанхай қаласына аттанып кетті. 

 30 маусымда басталатын бұл дүбірлі додада Бас бапкер Геннадий Паршиннің шәкірттері іріктеу сынында «С» тобында Индонезия, Үндістан, Кувейт спортшыларымен күш сынасады. Онда ел намысын алматылықтардан -    Әсет Базарқұлов,  Нодирхан Кадирханов, Дмитрий Горбатков, Антон Юдин, Виталий Мироненко,  Александр Стольников,  Виталий Эрдштейн, Олег Веригин, Сергей Кузнецов және атыраулық  Нариман Сүлейменов, хромтаулық   Тасқын Шарипов («ТНК Қазхром»), оралдық Виталий Вориводин(«Конденсат») қорғайды.

17 елдің ұлттық біріншіліктерінің жеңімпаздары қатысатын Азия чемпионатының ақтық сыны 8 шілде күні өтеді. Алматылық волейболшылар былтыр Индонезияда өткен жарыста 2006 жылдан бері чемпиондық атақты ешкімге бермей келе жатқан Иранның «Пайкан» командасына ғана ұтылған болатын. Жалпы клубтық Азия чемпионатында қазақстандық командалар арасынан  тек 2005 жылғы Пәкістанда «Рахат-ЦСКА» ғана чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын. Одан кейін 2008 жылы Қазақстанда, ал былтыр Индонезияда «Алматы» волейбол клубы күміс жүлдегер атанған еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram