Алматылық жұмыссыз жігіттер Қарағандыдағы шіркеуден 90 млн. 300 мың теңгеден астам ақшаны ұрлап кетті
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Ұрылар Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданындағы шіркеу есігіндегі құлпын сындырып, ішіндегі сейфты ашып, ішінде жатқан 75 млн теңге, 50 мың еуро және 1 млн. 300 мың Ресей рублін үптеп кетті.
Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандац, ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары Алматының бұрын сотталмаған, ешқайда жұмыс істемейтін 22, 23 және 24 жастағы үш тұрғынын ұстады.
Күдіктілер Қарағандыға 3 тамыз күні шіркеуде жұмыс істейтін бұрынғы танысының өтінішімен келгендерін баяндады. Ол шіркеудің қай жерінде ақша сақталып отырғанын айтып, оны тонауға ұсыныс жасаған.
Ұсталғандардың мойындау түсініктері олардан алынған заттай айғақтар дәлелдер ретінде қабылданды. Олар ұрлаған ақшаларын «Күнгей» шағынауданындағы бұталардың арасына жасырған. Тексеру барысында олар пакет жатқан орынды көрсетті.
Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.