14:08, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматылықтар 5-6 млрд. доллар көлеміндегі қаржыны өз қолдарында ұстап отыр ?А. Есімов
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сарапшылардың айтуынша, алматылықтар қазір 5-6 миллиард доллар көлеміндегі қаржыны өз қолдарында ұстап отыр.

Бұл жайлы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен қалалық әкімдіктің экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға арналған дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыруға бағытталған меморандумға қол қою рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алматыда банк саласы маңызды рөл атқарады. Онда 80 мың адам жұмыс жасайды. Сондай-ақ банк саласынан жергілікті және республикалық бюджетке салықтың 30 пайызы жиналады. Қаржы дағдарысына орай былтыр олардың экономиканы қаржыландыруы қалада 30 пайызға азайып кетті. Сол себепті де Үкіметтің банктер акцияларының белгілі бір бөлігін сатып алу туралы шешімі қолдауды қажет ететін шара болып отыр. Үкіметтің қатысуы халықтың банктерге деген сенімін арттырады», - дейді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. Оның сөзіне қарағанда, сарапшылардың пайымдауынша, алматылықтардың қолында қазір 5-6 миллиард доллар көлеміндегі қаржы сақтаулы. Егер ол үйде емес банкке депозитке салынатын болса, бұл қаражат экономиканы тұрақтандыруда маңызды рөл атқарары күмәнсіз.