Алматылықтар бір жұдырықтай жұмылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 шілде күні Алматы қаласы Наурызбай ауданында болған сел елімізде азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқанын көрсетіп берді. Өйткені, алматылықтар биліктің көмегіне қарап отырмай, өздері де қолдарына күрек алып, жерлестеріне көмек беруге кірісіп кетті.
None
None

Сел салдарынан 7 көпір мен жаяу жүргіншілер жолы бүлініп, бір көпір апаттық жағдайға ұшырады. 100-ден астам үйді су шайып кетті. 900 жуық адам апат аймағынан көшірілді. Алғашқы күннен тұрғындарға 1748 адам (әскери қызметкерлер, құтқарушылар, әкімдік қызметкерлері), 308 техника және 3 тікұшақ көмекке келді. Сосын әлеуметтік желі қолданушылары өз парақшаларында үндеу тастап, халықты сөзбен емес, іспен қолдау көрсетуге шақырды. Осылайша су астында қалған Қарағайлы ауылындағы көмек беруші волонтерлер саны 600 адамнан асты. Олар құтқарушылардың аяғы жете қоймаған аумақтардағы үйлерге барып, аулаларын тазалауға қол ұшын берді.

Бір қызығы - содан кейін бұл сауапты іске мейрамханалар араласа бастады. Олар волонтерлер мен құтқарушыларды тегін тамақтандыруда. «Руми» мейрамханасының қожайыны Қуаныш Шонбай Фейсбуктегі парақшасында қайырымды істің қалай басталғанын былай баяндапты: «Барлығы Фейсбуктегі бір қыздың селден зардап шеккендерге ас-ауқатпен көмек беруге шақырған сөздерінен басталды. Өзгенің қайғысына немқұрайды қарай алмайтын азамат ретінде қолдан келгенше жәрдемдесуге шешім қабылдадық. Яғни, алғашқы 100 адамды палаумен тамақтандырдық. Содан кейін осыны парақшамызда жариялаған едік, 2800 адам лайк басып, қолдады. Соны ескеріп, фото және видеоесеп жасап, басқаларды да үн қосуға шақырдық. Ертеңінде-ақ бізді көптеген мейрамханалар қолдады. Осылайша біз бүгін 1325 адамды ас-ауқатпен қамтыдық, ертең бұл көрсеткішті 2000 адамға жеткіземіз».

Сондай-ақ, бұл жұмыстар Қызыл ай қоғамының жетекшілігімен жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Зардап шеккендерге қаржылық көмек көрсетем деушілерге арнайы есепшот ашылған. Еріктілер ондағы жиналып жатқан ақшаға әлі тиіспейміз деп отыр. «Өйткені, кей тұрғындардың үйлері рәсімделмеген, сондықтан, мемлекет ондай құрылыстар үшін өтемақы бере алмайды. Сол кезде жиналған қаржыны әжетке жаратуға әбден болады. Ақшамен және қол күшімен көмек бере алмағандар жай ғана күрек, резеңке етік, сіріңке мен майшам әкелсе де жетеді», - дейді Қызыл ай қоғамының өкілі Руслан Хрущев (informburo.kz).

Дегенмен, жақсы істен жамандықты көруге ұмтылып тұратын адамдар әлеуметтік желіде аз емес. Сондықтан, кей қолданушылар еріктілердің жұмыс сәтіндегі суреттерін әлеуметтік желілерге салғанын тым ерсі көріп, тағы бір даурығып қалды. Алайда, оған негіз бар ма? Суретін салғаны - басқаларды да бос жатпай, осы іске үндегені емес пе? Бәлкім, артық кеткен адамдар да бар шығар. Бірақ барлығы сол суретті қабылдаушы адамның өзіне байланысты. Жақсылыққа ұмтылған ізгі адам одан мақтангершілік пен арзан пиарды емес, жерлесіне қолдан келген жәрдемін беруге асыққан қайырымды жанның бейнесін көрер еді, біздіңше. Біреулер әлеуметтік желіде белсенді алматылықтардың суретін сөгіп, жамандап отырғанда, олар бүгін де селден зардап шеккен үйлердің аулаларын балшықтан тазартып жүр.

Соңғы жаңалықтар