Алматылықтар Қала күнін жақсы экономикалық көрсеткіштермен қарсы алуда - А. Есімов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Қала күнін жақсы экономикалық көрсеткіштермен қарсы алуда - соңғы бес жыл ішінде жалпы ішкі өнім екі есеге өсті. Бұл туралы бүгін Алматыда Қала күнін мерекелеу барысында оңтүстік астананың әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеді.
«Бүгін біз Қала күнін атап өтіп жатырмыз. Алматылықтар бұл мерекені жақсы көрсеткіштермен қарсы алуда. Соңғы бес жыл ішінде қалада жалпы ішкі өнім екі есеге ұлғайды. Біз бұл көрсеткіш бойынша шығыс Еуропа елдерімен теңестік. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында жүзеге асып отыр», - деді қала әкімі өз сөзінде.
ҚР Тұңғыш Президенті саябағында қала басшысы, сонымен қатар дәстүрлі «Apple Fest» қалалық фестивалінің биыл осы саябақта бұрынғы жылдарға қарағанда кең көлемде аталып жатқандығын айтып, фестивальдің жұртшылық көңілінен шығуына тілектестік білдірді.
Айтса айтқандай, бұл жолы фестивальге 50 тоннадан астам алма жеткізілді. Келушілерге алманың ең үздік сұрыптары ұсынылды. Және ең бастысы, алмалардың барлық сұрыптарының бағасы базар нарқынан 15-20 пайызға арзан. Сатып алушылар ұзын-сонар кезекке тұруларына тура келді.
Сонымен қатар, бүгін Алматы қалалық мәдениет басқармасы Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Менің мейірімді саябағым» атты ретро-мереке ұйымдастырды. Оған Қазақстанның белгілі эстрада жұлдыздары Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Бағдат Сәмединова және атақты «Дос-Мұқасан» тобы қатысып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, бүгін мереке аясында, саябақта Қазақстан, Ресей, Грузия және Қырғызстаннан келген джаз музыканттардың концерті өтеді. Сонымен бірге, саябақта көне автокөліктер көрмесі өтіп жатыр.
Бүгін Қала күнін тойлау аясында Республика алаңында кешкі сағат 21:00-ден 23:00-ге дейін Халықаралық отшашулар фестивалі өтеді. Онда «Muzzone 2014» Еуразиялық музыка жүлдесінің жеңімпаздарының концерті болады.