15:14, 18 Наурыз 2017 | GMT +5
Алматылықтар Наурыз күндері қошқар көтеруден күш сынасады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 22 наурыз күні «Астана» алаңы мен Алатау ауданындағы «Атлеттер ауылында» мерекеге орай үлкен этноауыл бой көтеріп, салтанатты шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Астана» алаңындағы этноауылда бағанға өрмелеу, қазақша күрес, қошқар көтеру сияқты қазақтың ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады.
«Кез келген адам осы ойындарға қатысып, өзінің күші мен шыдамдылығын байқай алады. Бұлардан өзге, арқанмен жүретіндер, ат үстіндегі каскадерлар өз өнерлерін көрсетеді. «Атлеттер ауылындағы» спорттық шараларға мерекеге келген тұрғындар да белсене араласады. Мереке қонақтары қошқар көтеру, лəңгі тебу, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрестіру арқылы өз күштерін сынай алады», - делінген хабарламада.
Жарыстар қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі.