14:05, 15 Тамыз 2015 | GMT +5
Алматылықтар Спорт күнін тойлап жатыр (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар спорт күнін тойлап жатыр. Бүгін Орталық стадионда ұлттық спорт түрлерінен, қол күресі, кір көтеру, үстел теннисі, стритбол мен волейболдан сайыстар өтіп жатыр.
Спорттық сайыстар елімізде 16 тамызда аталып өтетін спорт мерекесіне орай өткізілуде.
Жеңімпаздарға қала əкімдігі мен халықтық-ұлттық спорт түрлері клубынан естелік сыйлықтар табыс етіледі.
Балаларға тегін ойын орталықтары ашылған.
Ертең алматылық велошабандоздар «Tour of World Class - 2015» дəстүрлі сайысына шығады.
Сөре сызығы Розыбакиев пен Левитан көшелерінің қиылысының жоғарғы жағынан басталады. Одан əрі спортшылар əл-Фараби даңғылымен шығыс айналма жолына бағытталады.
Сондай-ақ, ертең 18:00-де "Медеу" спорт кешенінде Crossfit Bolashak Astana Games кəсіби командаларының арасында күрестен көпсайыс өтеді.
Көрермендер арасында түрлі сыйлықтар мен кроссфитке 50 пайыз жеңілдікпен абонемент ойнатылады.