Алматының 1000 жылдығына орай, «Медеу» саябағында 1000 түп ағаш көшеттері отырғызылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы іргесіндегі «Медеу» Мемлекеттік өңірлік табиғи саябағында «Алматының 1000 жылдығына - 1000 игілікті іс» шарасы аясында 1000 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
None
None

Іс-шараға 500-ден астам адам: «Медеу» саябағының қызметкерлері, студент жастар, волонтерлер, жастар ұйымдарының белсенділері, сондай-ақ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, жас актер Асылхан Төлепов бастаған жас әншілер мен театр және кино актерлары қатысты. 

«Бұл шара Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналып отыр. Мақсатымыз - қаланың ішкі жағын және айналасын жасыл желекке толтыру. Өйткені, Алматы сонау кеңес заманының өзінде ең бір көгалдандырылған қалалардың бірі атанып келді. Біз осы дәстүрді қазір де жалғастыруымыз керек. Бүгін күн бұлттанып, жаңбыр сіркіреп тұрса да жастар көптеп келді. Маған әншілер мен кино және театр саласындағы әріптестерім қолдау көрсетті», - деді А. Төлепов. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара қала тұрғындарын табиғатты аялай білуге, қаланың экологиялық ахуалына бей-жай қарамауға шақырады.

«Алматының мерейтойы және «Медеу» саябағын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, біз қазір апта сайын сенбілік өткізіп жатырмыз. Бірақ, бүгінгі күн ерекше - өйткені, бүгін біз 1000 түп қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғыздық. Енді саябақта ағаш отырғызу жұмыстары алдағы маусым айының басына дейін жалғасады», - деді «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының директоры Самғат Ермекбаев. 
 

 

 

Соңғы жаңалықтар