Алматының әкімі Азиада-2011 нысандары құрылыстарының барысымен танысты
АТЫ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Бүгін Алматының әкімі Ахметжан Есімов Азиада-2011 нысандары құрылыстарының барысымен танысты.
Атап айтқанда ол «Шымбұлақ» тау-шаңғысы курортының аспалы жолы кешенін, мұз алаңын және биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің, К-125, К-95 шаңғы трамплиндері кешендерінің мінберлерін және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын аралап көрді.
Нысандардағы жұмыстардың барлығы да кестеге сай жүргізілуде. Қала әкімі орындалып жатқан жұмыстардың сапасына айрықша көңіл бөлді және 2011 жылғы қысқы Азия ойындары Олимпиада кеңесінің бірыңғай техникалық ережелеріне сай жүргізілуі керектігін атап өтті. А.Есімов мердігерлердің бекітілген жұмыс кестесінен шықпау керектігін және құрылыстар мен қайта жаңарту жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін барлық күшті жұмылдыру қажет екендігін айрықша атап көрсетті.