Алматының Орталық стадионы 55 жылдық мерейтойын атап өтеді
АЛМАТЫ. 19 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Орталық стадионы 55 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерекелік шара кезінде батут, эстафета, сумодан спорттық жарыстар және аниматорлармен ойындар болады. «Қайрат» және «Ордабасы» футбол командаларының ойыны мен ардагерлер шеруімен футбол маусымының жабылуы өтеді.
Сондай-ақ «Жастар таңдауы - спорт және денсаулық!» деп аталатын жыл сайынғы дәстүрлі акция ұйымдастырылып, қаладағы спорт мектептерімен таныстырылымдар жасалып, балаларды спорт мектептеріне жазу ұйымдастырылады. Оны қалалық спорт басқармасы мен Орталық стадион бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Еліміздегі ең ірі кешендердің бірі саналатын Орталық стадион сәулетшілер А.Капанов пен А.Коссовтың жобасымен жасалған. Оның көлемі 22 гектар алқапты алып жатыр. Алғашқы кезекте - 30 мың орындық трибуна, жеңіл атлетикалық жолдар мен секторлары бар үлкен спорт аренасы 1958 жылдың тамыз айында іске қосылған болатын. Одан кейін кіші спорт аренасы, жаттығатын жеңіл атлетикалық кешен, жүзу бассейні, қысқы уақытта жаттығатын манеж, гандбол, теннис, баскетбол, садақпен ату ойындарына арналған алаңдар салынды. Үлкен аренаның трибуна асты ғимаратында бокс, семсерлесу, үстел теннисінің залдары, киім шешетін, бапкерлердің бөлмелері, республикалық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің кабинеттері мен зертханалары, олимпиядаға даярлау Орталығының жатақханасы орналасқан. Бұл кешенде футбол, жеңіл атлетика, шапшаң жүгіру, коньки тебу, көгалдағы және доппен ойнайтын хоккей, волейбол, бокс және т.б. спорт түрлерінен бүкілодақтық, халықаралық және әлемдік спорт жарыстары өткізілді. Ашылу уақытынан бері «Қайрат» футбол клубының негізгі стадионы болып келе жатқан бұл стадионда 2011 жылдың қазан айында жүгіру жолы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа қабат төселді.