Алмаз Ыдырысов Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM - Өңірде облыстың негізгі даму бағыттарын үйлестіретін жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке инфрақұрылым, құрылыс және мемлекеттік басқару салаларында көп жылдық тәжірибесі бар маман келді.

ув
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Алмаз Серікболұлы Ыдырысов 1983 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын «Ремстрой сервис-АС» ЖШС-де жол жұмысшысы болып бастаған. 2005–2006 жылдары «Қазақавтожол» РМК өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарды.

Кейінгі жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2006–2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде бас маман, бас сарапшы және басшылық қызметтерді атқарды.

2014–2016 жылдары «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары болды. Одан кейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Әкімшілік жұмыс департаментін басқарды.

2017–2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар ҚР Бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасары міндетін орындады.

2019–2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болды.

2022–2023 жылдары Алмаз Ыдырысов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметін атқарды.

2023 жылдан бастап қазіргі тағайындауына дейін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Енді ол өңірдегі қызметін облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жалғастырады.

Айта кетейік, бұған дейін Қуаныш Бақытұлының 2026 жылғы 16 маусымнан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаны хабарланған болатын.