Әлімханұлының салмағында қазақ боксшысы чемпиондық жекпе-жекке шығатын болды
АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа (20–0, 11 КО) орта салмақтағы WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамеспен (24–1–1, 18 КО) міндетті титулдық жекпе-жек белгіленді. Бұл туралы Sports.kz хабарлайды.
Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша орта салмақ рейтингінде бірінші орында тұр және чемпиондық белдікке ресми үміткер мәртебесіне ие.
«Бүгін WBC Конвенциясында міндетті жекпе-жектер бойынша жыл сайынғы сессия өтті. Төменде сол жиында бекітілген бірқатар жекпе-жектерді көре аласыздар», - деп жазады The Ring басылымы Instagram парақшасында.
Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет 2023 жылдың күзінде Ташкентте рингке шығып, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген болатын.
Айта кетейік, кеше орта салмақтағы WBO/IBF тұжырымдамаларының чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек тоқтатылған еді. Допинг-тест қорытындысы бойынша Әлімханұлының сынамасынан тыйым салынған зат табылған.