Альпіде мұздықтардың опырылу қаупі артып келеді – ғалым
АСТАНА. KAZINFORM – Климаттың жылынуы салдарынан Альпі тауларындағы мұздықтар мен мәңгі тоң еріп, биік таулы аймақтардың тұрақтылығы әлсіреп барады. Соның салдарынан мұздықтардың опырылу қаупі артуы мүмкін, деп хабарлайды Euronews.
Бұл мәселе Непалда болған жойқын апаттан кейін қайта назарға ілікті. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жүздеген адамның қаза тауып, мыңдаған адамның із-түзсіз жоғалуына әкелген сел мұздықтың опырылуынан туындаған. Бірнеше секундтың ішінде орасан су мен тау жыныстары жолындағының бәрін шайып кеткен.
Альпіде де осындай апат болуы мүмкін. Альфред Вегенер атындағы Полярлық және теңіз зерттеулері институты мен Бремен университетінің профессоры, гляциолог Олаф Айзеннің айтуынша, мұздықтардың опырылу қаупі Еуропада да артып келеді. Дегенмен оның ауқымы Непалдағы апат деңгейіне жетуі екіталай.
Бұған мысал ретінде ғалым 2025 жылғы мамырда Швейцарияның Блаттен ауылында болған мұздық опырылуын келтірді. Ол кезде мамандар қауіп-қатерді алдын ала болжап, мұздық астындағы елді мекен тұрғындарын эвакуациялаған. Соған қарамастан 64 жастағы жергілікті тұрғын қаза тапты.
– Алдын ала бағалау бойынша, Непалда опырылған мұз көлемі Блаттендегі жағдайдан шамамен 10-20 есе көп болған. Сондықтан Еуропадағы мұндай оқиғалардың Непалдағыдай ауқымға жетуі екіталай, – деді Олаф Айзен.
Ғалымның сөзінше, Еуропа антропогендік климат өзгерісінің әсерінен ең жылдам жылып жатқан құрлықтардың бірі. Мұздықтардың шегінуі мен мәңгі тоңның еруі биік таулы аудандардың тұрақсыздануына әкеліп жатыр.
Бұл әсіресе Франция, Италия, Австрия және Швейцариядағы теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктіктегі аудандарға қатысты. Аптап ыстық немесе нөсер секілді экстремалды ауа райы құбылыстары мұздықтардың опырылу ықтималдығын одан әрі арттыруы мүмкін.
Швейцарияда 1850 жылдан бері шамамен 1000 мұздық жойылып кеткен. Қазір елде 1300-ге жуық мұздық қалған. Ал 2000-2024 жылдар аралығында Швейцария мұздықтары жалпы мұз көлемінің 38%-ын жоғалтқан.
Мамандар бірнеше жылдан бері Вайссхорн мұздығын ерекше бақылауда ұстап отыр. Осы аптаның басында онда үш шағын опырылу тіркелген. Мұздықтан бірнеше жүз мың текше метр мұз бөлініп түсуі мүмкін. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындарға тікелей қауіп жоқ, алайда туристік және велосипед бағыттары жабылған.
Олаф Айзен мұздықтардың опырылуына табиғи циклдік процестер де себеп болуы мүмкін екенін айтады. Алайда соңғы жылдары антропогендік климат өзгерісінің ықпалы күшейіп келеді.
– Жылыну жалғасқан сайын мәңгі тоң ери бастайды, ал мұздықтың табаны да жібиді. Соның салдарынан мұздық астындағы тау жыныстарына бұрынғыдай берік «жабысып» тұрмайды, – деп түсіндірді ғалым.
Кей жағдайда мұздықтың астында су жиналып, өзіндік «су көпіршігі» пайда болуы мүмкін. Аптап ыстық немесе қатты жаңбыр кезінде оның қысымы артып, мұздықтың алдыңғы бөлігі шыдамай, үлкен мұз массасы бір мезетте опырылып түсуі ықтимал.
Осындай жағдай 2022 жылы Италиядағы Доломит тауларындағы Мармолада мұздығында болған. Мұздықтың үлкен бөлігі опырылып, 11 альпинист қаза тапқан.
Сарапшы механикалық қорғаныс шаралары мәселені толық шеше алмайтынын атап өтті. Мұндай тәсілдер кейбір тау шаңғысы курорттарында ғана қолданылып, көп энергия мен еңбек ресурсын қажет етеді.
– Климатты қорғау – мұздықтарды қорғау. Температураның тіпті оннан бір градусқа төмендеуінің өзі маңызды. Орташа температура төмендей бастаған кезде мұздықтар жаңа жағдайға бейімделіп, қайта өсе алады, – деді Олаф Айзен.
Айта кетейік, Альпі тауының Ла-Плань курортындағы қар көшкінінен британ шаңғышысы ажал құшты.