Alstom компаниясы елімізде қандай инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азиядағы басқарушы директоры Жером Бойе ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында ивестициялық жобалардың іске асу барысы жайында мәлімдеді. 

Alstom компаниясы елімізде қандай инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Біздің компания — теміржол саласындағы өндіруші. Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 2010-2023 жылдарда 200 миллион еуро инвестиция салдық. 2023 жылы қосымша 50 миллион еуро инвестиция қарастырдық. Оны 2027 жылдың соңында толықтай беріп боламыз. Бұл қаржы Астанада локомотив өндіретін зауыт салуға және Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі теміржол деполарын дамытуға жұмсалып жатыр. Түптеп келгенде, бұл жобалар Орта дәліз арқылы жүк тасымалына пайдасын тигізеді, — деді ол кеңестің 38-ші пленарлық отырысы алдында журналистерге сұхбат бере отырып.

Сонымен қатар, Жером Бойе жасанды интеллектіні енгізу шараларына тоқталды.

— Компания жұмысына болжам жасау және бағалау үшін жасанды интеллектіні барынша кең ауқымда енгізіп, қолданып келеміз. Жүйемізде шағын рекурсивті модельдерді жүзеге асыруға тырысып жатырмыз. Оны біздің Қазақстандағы инженерлеріміз жасаған және соның арқасында локомотивтерге тиісті қызмет көрсетіп, қандай да бір ақау шығуының алдын аламыз, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін екенін жазғанбыз.