Алтай жауһарына барамын десеңіз: ШҚО-да Рахман қайнарларына алғаш рет асфальт жол төселіп жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан жұртшылығы көптен күткен жобалардың бірі қолға алынды. Аңызға айналған Рахман қайнарларына апаратын жолға алғаш рет асфальт төселіп жатыр.

Бұған дейін көлік жүргізушілеріне қиындықтың қамытын кигізіп, әбден шаршататын 13 шақырымдық жол енді адам танымастай өзгереді.
- Бұл учаскеде ешқашан асфальт болған емес. Ол жерге тек жол талғамайтын көліктер ғана жете алатын. Соның салдарынан туристер ағыны тежеліп келді. Біз бұл бағытқа ерекше назар аудардық. Себебі ол еліміздің ең бірегей курорттарының біріне апаратын жол, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Жаңа жол республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай -Үлкен Нарын-Катонқарағай- Рахман қайнарлары» бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары аясында салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын бірнеше учаскеде құрылыс қатар жүргізілуде. Оның 152 шақырымы биыл қыс түспей аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал радон көлге апаратын маңызды 13 шақырымдық учаске 2026 жылы толық пайдалануға берілмек.

- Жол тау бедерінде орналасқандықтан асфальт төсеу жұмыстары қиынға соғады. Жол бұлақтар мен тасты жерлерден өтеді. Біз бұл жерде алғаш рет дренаж, су өткізу құбырларын салу, тар жерлерді кеңейту, тегістеу және ұсақ түйіршікті суық асфальтбетон төсеуді қолға алдық, - деді Нұрбек Темірханов.
Құрылысшылардың айтуынша, мұндағы жұмыс нағыз төзімділікті талап етеді.


-Тасты, сулы жерде техника оңайлықпен жүре алмайды. Ең алдымен негізін нығайтып, дренаж жүйесін орнатамыз. Содан кейін барып тегістеп, асфальт төсейміз. Әйтпесе көктемде бәрі сырғып кетуі мүмкін, - дейді учаскедегі құрылысшылардың бірі.
Жол сапасы қатаң бақылауға алынған. Жол активтері сапасы ұлттық орталығының ШҚО филиалы бұл жолға тұрақты түрде бақылау жүргізіп келеді. Инженерлер апта сайын келіп, сынама алып, қабаттардың сапасын тексеріп, нормативтердің орындалуын қадағалайды.

- Біз әр апта сайын келіп, асфальт төсеу барысын, технологияның сақталуын қадағалап жатырмыз. Ескертулер болса, мердігерлер оны тез арада түзетуге міндетті. Әйтпесе жоба қабылданбайды. Себебі сапа - қауіпсіздік пен жолдың ұзақ мерзімге жарауының кепілі, - деп хабарлады филиалдың баспасөз қызметінен.

Бұл бағытта турист тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер жерден жеті қоян тапқандай қуанып жатыр.
- 13 шақырымдық шолақ жолды кейде бір, кейде бір жарым сағат жүреміз. Жеңіл көлігіңізбен барсаңыз – темір тұлпарыңызды босқа қинайсыз. Уазик, Нива, джип болса бір сәрі. Бір рейс үшін 40-85 мың теңге аламыз. Бірақ табысымыз түгелдей көлікті жөндеуге кетеді, - дейді жүргізушілердің бірі.

Соған қарамастан, Рахман қайнарларына баратын туристер легі толастар емес. Себебі бұл жер тек шипажай емес, нағыз рухани тыныштық, саф ауа мен емдік табиғатты іздеген жандар үшін таптырмас мекен.

- Байкалда, Кавказда, Еуропада болдым. Бірақ Рахмандағыдай сұлулықты еш жерден көрмедім. Ауасы, суы, тауы - бәрі ертегідегідей. Егер жол салынып, санаторий жөнделсе - бұл жер әлемдік брендке айналуы мүмкін. Тіпті бүкіл Қазақстанның туристік әлеуетін арттырады, - дейді Астанадан келген турист.

«Рахман қайнарлары» шипажайы теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте, Мұзтау шыңының етегінде, Катонқарағай ұлттық паркінің қақ жүрегінде орын тепкен. Ондағы бұлақтар XVIII ғасырдан белгілі. Аңыз бойынша, оларды жаураған аңшы жылы суға түсіп аман қалған кезде ашқан. Радонға бай жылы су (температурасы +34-43°C аралығында) буын, жүйке және тері ауруларын емдеуде ерекше әсерімен танымал.
Бұл жерде еліміздегі ең биік тау мешіті - «Аль-Куддус» орналасқан. Ал Рахман көлі туралы түрлі аңыз-әпсаналар тараған. Көл екіге бөлінеді деседі, тереңінде жұмбақ қария тұрады-мыс. Балық жоқ болғанымен, бұл көлдің «тіршіліксіздігі» оның емдік күшінің дәлелі ретінде қабылданады.

2024 жылы шипажай мемлекет меншігіне берілді. Облыс әкімдігі қазір инфрақұрылымды қалпына келтіретін инвестор іздеуде. Бірақ демалыс орнын дамытудан мемлекет те қалыс қалмайды.

- Басты мақсат - Рахман қайнарларын ұлттық мұра ретінде көздің қарашығындай сақтау. Қауіпсіз әрі қолжетімді шипажайға айналдыру. Бірақ бәрі жолдан басталады. Жол болмаса - инвестор да келмейді, - деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінен.
Жол құрылысы - өңірдің туристік бағыттарын дамыту бағдарламасының бір бөлігі. 2025 жылға дейін Өскемен-Семей (91 км), Өскемен-Шемонаиха (93 км), Өскемен-Риддер (105 км), Теректі-Ұранқай (60 км), Ескі австриялық жол (60 км) бағыттарында орташа жөндеу аяқталуы тиіс. Ал Өскемен-Катонқарағай-Рахман қайнарлары бағыты бойынша 27 шақырымды қайта жаңғырту мен 152 шақырымды жөндеу жоспарланған.

- Көлік қатынасының қолжетімділігі мен жол сапасы - туризмді дамытуға, экономикалық белсенділікке және өңір халқының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Бұл жобалар Шығыс Қазақстан үшін тың серпіліс болады деп сенеміз, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да биыл малдың жолға шығып кетуі салдарынан 11 жол апаты болғаны хабарланған.