Алтайдың Көктоғай ауданынан асыл металдардың 15 түрлі рудасы табылды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Руда
Фото: weixin.qq.com

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

7 баллдық жер сілкінісінде операцияны жалғастыра берді - «People.cn»

жер сілкінісі
Фото: mp.weixin.qq.com

Қытайлық дәрігерлер 7,1 баллдық жер сілкінісі кезінде күрделі операция жасауды жалғастыра берді, деп хабарлайды «People.cn».

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, жер сілкінісі басталардан бұрын, Шыңжаңның Арал қалалық ауруханасында науқастың бас сүйегін ашып, ми хирургиясын жүргізіп жатқан. Бейнебақылау камерасына түскен видеодан операция бөлмесіндегі емдеу аспаптары жер сілкінген кезде қозғала бастағанын көруге болады. Алайда, хирург Ан Шуфанда, басқа көмекшілері де сабырлылықпен операция жасауды жалғастыра берген. Операция сәтті орындалып шыққан. Күрделі отадан кейін, науқастың жағдайы тұрақталып, қазір дәрігерлердің бақылауында екен. Медицина қызметкерлерінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған бұл әрекеті көпшілікті сүйсіндірген.

Айта кетейік, 23 қаңтар сағат 2:09-да Шыңжаңның Ақсу аймағындағы Үштұрпан ауданында 7,1 баллдық жер сілкінісі болған еді. Жер сілкінісінен кейін кейбір аудандарда электр қуаты үзілді.

Төтенше жағдайдан кейін 12 мың адам қауіпсіз жерлерге эвакуацияланған. Тұрғындар көбіне арнайы тұрғызылған шатырлармен бірге мектеп және спорт кешендеріне орналастырылған. Жалпы Қытайдағы жер сілкінісінен 3 адам мерт болып, тағы 5 адам жараланған.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4 миллиард доллардан асты - «ӨзА»

тауар айналымы
Фото: uza.uz

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 4 миллиард доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі үш сыртқы сауда әріптестерінің бірі болды, деп жазады өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-мәліметнше, бүгінде Өзбекстан әлемнің 198 елімен сауда-саттық қарым-қатынас орнатқан. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 62,6 миллиард долларды құрап, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан. Жалпы көлемнің ішінде экспорт 24 426,2 миллион долларды, импорт 38 141 миллион долларды құрады.

Айта кетейік, Қытай сауда серіктес елдер қатарында көш бастап тұр. Өзбекстанмен Қытай арасындағы тауар айналымы 13,7 млрд долларды (жалпы көлемнің 21,9%) құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей екінші орында – 9,88 млрд доллар (15,8%). Үздік үштікті Қазақстан 4,39 миллиард доллармен (7%) қорытындылаған.

Өзара сауда аясында Өзбекстан Қазақстанға 1372,5 миллион доллардың өнімін экспорттады. Ал импорт 3026,4 млн долларды құрады.

Алтайдың Көктоғай ауданынан асыл металдардың 15 түрлі рудасы табылды – «Uukilialtay»

Руда
Фото: mp.weixin.qq.com

Геологтар Жоңғар ойпатының солтүстік-шығыс шетіндегі кобальт металл ресурстарын іздеуде жаңа жетістіктерге қол жеткізді.

Қазіргі уақытта қытайлық геологтар Көктоғай ауданындағы Өндірқара мыс, алтын, кобальт кенішінде бастапқыда 15 рудалық денені, оның ішінде 9 алтын рудалық корпусын және 6 мыс, алтын, кобальт аралас рудасын тапқан, деп хабарлайды «Uukilialtay» ақпараттық порталы.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Көктоғай округі Алтай аймағының шығыс шетінде орналасқан. Геотектоникалық құрылымы Қазақстан, Қытай және Моңғолиядағы әлемдік деңгейдегі түсті металдардың минералдану белдеуінің ортаңғы бөлігіндегі аудан. Көктоғай минералдану геологиялық жағдайлары жоғары, пайдалы қазбаларға бай аудан саналады.

Көктоғай ауданында кен байлығы мол, түсті металдар, сирек кездесетін металдар қоры бүкіл ел бойынша алдыңғы қатарда.

Аталған ауданнан қазіргі уақытта төрт негізгі пайдалы қазбалардың 92 түрі ашылған. Темір, мыс, молибден, қорғасын, мырыш және т.б. Жалпы асыл металдар жағынан Көктоғай Шыңжаңда бірінші орында тұрады.

Көктоғайдан табылған аса сирек кездесетін магнитті қатты металл ретінде кобальттың жоғары температурада жоғары беріктігін сақтай алады. Сондай-ақ, кобальт – электр аспаптарында, машина жасауда және басқа салаларда кеңінен қолданылады. Кобальт металының ресурстары салыстырмалы түрде тапшы болғандықтан, жаңа энергетика және басқа да байланысты салалардың дамуымен оның нарықтық сұранысы өсуде және оны дамыту мен қолдану перспективалары кең.

Айта кетейік, Көктоғай Алтай тауының шығыс, жоғарғы жағында орналасқандықтан «Өр Алтай» өңірі деп те аталады. Сонымен қатар Көктоғай ұзақ уақыттан бері қазақтар мекендеп келе жатқан ауданның бірі саналады.

Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның СҚ министрлігінің Мемлекеттік хатшысымен кездесті – «Kaznews»

Ғабит Қойшыбаев
Фото: kaznews.mn

ҚР-ның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Нямдоржийн Анхбаярмен кездесу өткізді, деп хабарлайды моңғолиялық «Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның мәліметінше, кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың 2024 жылғы күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, олар ағымдағы жылы жоспарланған маңызды екіжақты іс-шаралар кестесін талқылады, екі елдің ынтымақтастығының шарт-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру сұрақтарын қарастырды, сыртқы саяси ведомстволардың түрлі бағыттардағы өзара ықпалдастығын, оның ішінде консулдық саладағы өзара тиімді әрекеттестікті одан әрі нығайтуға келісті.

ҚазҰУ-ға Иранның Мобадтар ассоциациясының президенті келді - «Parstoday»

Мехрабан Полади
Фото: parstoday.ir

24 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетіне Иранның Мобадтар ассоциациясының президенті Мехрабан Полади мырза келді.

Құрметті қонақ шығыстану факультетімен танысуға арнайы келіп, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы оқытушылармен кездесті. Кездесу сұрақ-жауап түрінде өтті. М. Полади мырза оқытушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі. 

Мехрабан Полади
Фото: parstoday.ir

Ирандық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, жалпы, мәртебелі мейман Қазақстанға ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты мен Тұран университеті бірігіп өткізетін «Еуразия континенті халықтарының эволюциясы контекстіндегі зороастризмнің мәдени-тарихи мұрасы» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысу мақсатында келген.

Бұл конференция 25 қаңтарда Тұран университетінде өткен.

Ер адам 6-қабаттан құлаған баланы жерге түсірмей қағып алған - «Жэньминь жибао»

Пучын
Фото: mp.weixin.qq.com

Қытайдың Фужиян өлкесі Пучын ауданында ер адам 6-шы қабаттан құлаған баланы жерге түсірмей қағып алған, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы. 

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Фужиян өлкесі Пучын ауданы Иуйжин Хуафу шағын ауданында 3 жастағы ұл бала абайсызда 6-шы қабаттан құлап кеткен. Осындай қауіпті сәтте, жолдан өтіп бара жатқан Суй Лиянхай есімді ер адам баланы жерге түсірмей қағып алған.

Бақылау камерасынан байқалғанындай, бала алдымен екінші қабаттағы жарнама тақтасының үстіне құлап түскен. Суй бір жағынан телефон соғып тұрса, енді бір жағынан құлап келе жатқан баланы жерге түсірмей қолымен ұстап қалған.

«Аса қауіпты сәтте, ол өміріне төнген қауіпке қарамай, құлаған баланы қос қолымен қағып алады. Дер кезінде құтқарғандықтан, баланың өміріне қауіп төнбеген, ер адамда жараланбаған», деп жазады қытайлық БАҚ.

Қазақ, Түрік елдерінің Ауыл шаруашылығында ынтымақтастық орнамақ «TRT»

Ауыл шаруашылығы
Фото: trt.net.tr

Түркия Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Эбубекир Гизлигидер бастаған түрік делегациясы мен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек тұқым шаруашылығы және ирригациялық жүйелер мәселелерін көтерді. Кездесу Астанада өткен.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Ұйымдастырылған кездесулер барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобалар талқыланды.

Түркиялық басылымның дерегінше, Түрік делегациясына экономикалық өсу мониторингі және мемлекеттік бағдарламаларды орындау жөніндегі құралдар жиынтығы болып табылатын «Smart Data Ukimet» жобасы таныстырылды. Бұдан әрі Түркиядан келген әріптестерге «Қазақстан Ғарыш Сапары» таныстырылып, Қазақстанда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері қалай анықталатыны, атап айтқанда, жерді ғарыш қашықтығынан зондтау арқылы анықталатыны айтылды.

Эбубекир Гизлигидер Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен де кездесіп, тұқым шаруашылығы және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Соңғы жаңалықтар