Алты адамды алдап, ірі залал келтірген қазақстандық күдікті Дубайда ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінен алаяқтық жасағаны үшін Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Дубайдан ұсталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Күдікті 2022-2023 жылдары Алматы қаласында Wildberries компаниясына инвестиция салуды сылтау етіп, алты азаматтан ақша алған. Содан соң уәде етілген сыйақыны бермей, олардың қаражатын иемденген. Бұл әрекеттерден жәбірленушілер ірі материалдық залал шеккен.

- Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті жасырынған және екі жыл бойы халықаралық іздеуде болған. Биыл сәуірде ол Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан Елшілігінің көмегімен елге жеткізілді, - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстары үшін мүлкі тәркілене отырып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетейік, Шымкентте 200-ден аса адамды алдаған қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар