«Алтын адам» геномы толық зерттелді: Ғалымдар қандай жаңалық ашты
АСТАНА. KAZINFORM – Ғалымдар алғаш рет қазақстандық «Алтын адамның» толық геномын зерттеп шықты. Соның нәтижесінде темір дәуіріне жататын бұл археологиялық олжаның ер адамға тиесілі екені дәлелденді.
Зерттеуді АҚШ, Қазақстан, Германия, Аустралия және Оңтүстік Корея ғалымдарынан құралған халықаралық зерттеу тобы жүргізген.
Жобаға Техас университетінің (Остин), Макс Планк атындағы Эволюциялық антропология институтының, Тюбинген университетінің, Аделаида университетінің, Сеул ұлттық университетінің, Генетика және физиология институтының, Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, сондай-ақ «Есік» және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының мамандары қатысты.
Зерттеу барысында ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі 900-200 жылдар аралығында Еуразия даласында жерленген 85 адамның геномына талдау жасады. Солардың ішінде Қазақстанның ең танымал археологиялық жәдігерлерінің бірі – «Алтын адамның» геномы алғаш рет толық секвенирленді.
«Алтын адам» 1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған. Біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларға жататын, тоналмай жеткен бұл қорымнан 4 мыңнан астам алтын әшекей, темір семсер мен қанжар, қола айна, қыш ыдыстар, сондай-ақ күміс, қола және ағаштан жасалған ыдыстар табылды. Археологтердің бағалауынша, бұл – бүгінге дейін анықталған сақ дәуірінің ең бай жерлеу орындарының бірі. Ерекше назар аударатын жәдігердің бірі – 26 таңба қашалған күміс тостаған. Ондағы жазудың сыры әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.
«Алтын адамның» темір дәуіріндегі сақ мәдениетіне жататыны бұрыннан белгілі болғанымен, оның жынысы ғылыми ортада ұзақ уақыт пікірталас тудырып келді. Ежелгі ДНҚ-ға жүргізілген талдау оның ер адам болғанын түпкілікті дәлелдеді.
Зерттеу нәтижесі «Алтын адамның» генетикалық тұрғыдан темір дәуірінде өмір сүрген сақ тайпаларының өзге өкілдеріне жақын екенін көрсетті. Сонымен бірге, оның геномында Орталық Азияның оңтүстігіндегі ежелгі халықтарға тән генетикалық үлестің біршама жоғары екені анықталды.
Бұл мәліметтер темір дәуіріндегі көшпелі халықтарда әлеуметтік жіктелудің қалай қалыптасқанын анықтауға арналған ауқымды зерттеудің бір бөлігіне айналды. Ғалымдар сән-салтанатпен жерленген ақсүйектердің ДНҚ-сын қарапайым қорымдардан табылған адамдардың генетикалық деректерімен салыстыра отырып, қоғамның билеуші тобы өзара жақын туыстық байланыста болған деген қорытындыға келді.
Соның айқын дәлелдерінің бірінде генетикалық талдау ақсүйек өкілінің бір-бірінен 50-140 шақырым қашықтықта жатқан, екі түрлі қорымға жерленген екі адамның атасы болғанын көрсетті. Бұл билік пен жоғары әлеуметтік мәртебенің бір әулет ішінде бірнеше ұрпақ бойы сақталғанын аңғартады.
Зерттеуде ақсүйек әулеттерінің кейбірінде жақын туыстар арасындағы некенің белгілері де анықталды. Сондай-ақ бұл әлеуметтік топтың саны жалпы халықпен салыстырғанда әлдеқайда аз болған. Бұл сол кезеңдегі билеуші әулеттердің барынша жабық орта болғанын көрсетеді.
Авторлардың қорытындысына сәйкес, генетикалық деректер темір дәуіріндегі сақ қоғамының билеуші тобы арасында мұрагерлік әулеттердің болғанын растайды.
Бұған дейін «Алтын адамға» қатысты кең тараған аңыздар мен тарихи деректер туралы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова айтып берген болатын.