Алтын «бассауға»: Дағдарыс кезінде бағалы металға неліктен инвестиция салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақпанда алтын бағасы тарихи рекордқа жетіп, 1 унциясы (шамамен 28,3 грамм) 2 954 долларға бағаланды. Бұл бір жыл ішіндегі 10-рекорд саналады. Ұзақ жылдар бойы алтын неліктен ең сенімді актив саналып келеді? Бұл жайында Kazinform агенттігі шолушысының материалынан оқыңыздар.

Алтын бағасы шарықтай бермек пе?
Жыл басынан бері алтын бағасы 12 пайызға қымбаттап, бір унциясы 2 954 долларға жетті. Бұл жайт АҚШ Президенті Дональд Трамптың баж салығын енгізу қаупі жаһандық сауда соғысын тудыруы мүмкін деген алаңдаушылық аясында болды. Сарапшылар осы жайт инвесторлардың қымбат металға деген қызығушылығын тудырғанын атап өтеді.
Бүкіләлемдік алтын кеңесінің (World Gold Council) атап өтуінше, өткен жылы алтын бағасы 40 мәрте рекорд жаңартты. Айталық, 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы бір унция үшін орташа баға 2 663 доллар болуы да рекордтық көрсеткіш саналады. Ал бір унция үшін орташа жылдық баға 2 386 (+23 пайыз) доллар болды.
Әлем елдерінің орталық банктері 2024 жылы алтынды бас айналдырарлық қарқынмен сатып алды: үшінші жыл қатарынан сатып алу көлемі 1 000 тоннадан асып, ал төртінші тоқсанда 333 тоннаға дейін күрт артты.
Goldman Sachs Group инвестициялық банкінің сарапшылары орталық банктердің сатып алулары мен биржалық қорларға ағындарға сүйене отырып, 2025 жылдың соңына қарай алтын бағасының болжамын бір унция үшін 3 100 долларға дейін көтерді. Өткен жылы Goldman Sachs жыл соңына дейін бір унция алтын бағасы 3 000 доллар боларын болжаған еді. Енді оның бағасы тарихи максимумға – 3 мың долларға қашан жететіндігі уақыт еншісіндегі мәселе ғана.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев әдетте экономиканың тұрақсыздығы мен дағдарыс кезеңінде алтынның бағасы өсетінін атап өтеді. Жалпы, алтын барлық уақытта да белгілі бір актив - әлемдік турбуленттілік кезеңінде жасырынуға болатын бассауға ретінде пайдаланылады.
- Баға – бұл биржалық тауар және алтынның бағасы да сұраныс пен ұсыныс теңгерімінен қалыптасады. Егер сұраныс ұсынысқа қарағанда көп болса, онда соған орай баға өседі. Ал неліктен сұраныс бар? Өйткені нарық ойыншыларының алтынды сатып алуға өзіндік себебі бар – инфляция, санкцияларды экономикалық тұрақсыздық және тағы басқалары, - деп түсіндірді Арман Бейсембаев.

Сарапшының пайымдауынша, 1 унция алтын бағасы наурыз айында-ақ 3 100 долларлық межеге жетіп қалуы ықтимал.
- Кейбір сарапшылар 3 200 долларға жетеді деп болжам жасайды. Егер біз алтын бағасы өсімінің осындай деңгейін көрер болсақ, онда бұл әлемде бәрі жақсы емесін және турбуленттілік жалғасып отырғанын білдіреді. Өйткені алтынның бағасы дәл осындай кезеңдерде қымбаттайды. Әлемдік экономика үшін көптеген қауіп бар. Сауда соғысы Қытай экономикасындағы дағдарыстың триггері болуы мүмкін. Соған орай ол өзімен бірге америкалық экономиканы да ілестіре кетері сөзсіз, - деді сарапшы.
Оның айтуынша, алтынның бағасы экономикадағы анықтаушы индикатор емес, дұрысында әлемдік экономикада болып жатқан жайттардың салдары немесе көрінісі.
Спикер алтынның бағасы мынадай бірнеше себепке байланысты қалыптасатындығын атап өтеді: өндірілген металдың мөлшері, Қытай мен АҚШ сияқты әлемдегі ірі державалардың орталық банктерінің ықпалы.
- Алтын бағасының мұнан ары да өсуі ықтималдығы жоғары. Трамптың сайлануын ескере отырып, базалық мөлшерлеменің төмендеу мүмкіндігі де бар. Доллар индексі басқа әлемдік валюталарға арзандайды, соған орай алтынның бағасы көтеріледі. Сондықтан жыл соңына дейін бір унция 3 000 доллар болатыны жайлы болжамнан да асып түсуі мүмкін, - деді экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.

Инфляция артып, алтын қымбаттай түсті
Сарапшылар соңғы 10 жылдағы алтын құнына баға белгілеу әрдайым дағдарыс құбылыстарымен бірге жүргенін атап өтеді. Бағалы металдың құны инфляцияға тікелей пропорционалды - инфляция неғұрлым жоғары болса, алтынның бағасы да соғұрлым жоғары.
- Нарық пен экономика құлдыраған кезде барлық метал бағасы төмендеп, ал алтын құны өседі. Бұл немен байланысты? Шын мәнінде, нарықтар құлдыраған кезде, әлемдік компаниялардың, мәселен Boeing немесе FordMotors акцияларына инвестиция салудың мәні жоқ. Бірінші кезекте өз инвестицияларыңды қорғау қажет. Мұндай жағдайда адамдар қорғаныс активі саналатын облигациялар немесе алтын сияқты инвестициялық құралдарға жүгінеді, - деп түсіндіреді қазақстандық ірі тау-кен өндіру компаниясының стратегия жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетов.
Ол соңғы жылдары экономика қарқыны айтарлықтай төмендегенін айтты. Егер бұрын әрқашан нарықтық факторлар болса, қазір оларға әлемдік экономикаға, тиісінше металдар мен алтынға әсер ететін саяси факторлар қосылды.
- Қытай мен батыс әлемі арасындағы сауда соғысы, сондай-ақ Таяу Шығыс жанжалы халықаралық жаһандануды нашарлатады. Мұның бәрі тұрақты актив ретінде алтынға инвестициялардың өсуіне ықпал етеді. Қазіргі экономика сақталған жағдайда алтын бағасының өсуін күтуіміз қажет. Егер Қытайдың АҚШ-пен сауда қақтығысы өршіп, Шығыс Еуропадағы шиеленіс шешілмесе... әзірше, барлық факті алтынның қымбаттай беретінін көрсетеді, - деді Тұрар Жолмағамбетов.
Өткен жылы алтынның қымбаттауы 40 пайыз деңгейінде болды. Бұл айтарлықтай көрсеткіш саналады. Мұндай бағаның өсуі тек 2010 жылы болған.
Алтын қоры мол әлем елдері
Бүкіләлемдік алтын кеңесінің (World Gold Council, WGC) мәліметтері бойынша мемлекеттердің орталық банктерінің резервтері мен қорларында 36,5 мың тоннадан астам алтын сақталған. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, оның ең көп мөлшері АҚШ-қа тиесілі – 8,13 мың тонна. Одан кейін Германияда – 3,35 мың тонна, Италияда – 2,45 мың тонна, Францияда – 2,44 мың тонна, Ресей 2,34 мың тонна бар.
Bullionvault алтын және күміс cаудасына арналған онлайн-платформаның хабарлауынша, қазіргі уақытта ұлттық орталық банктердің резервтерінде сақтаулы тұрған алтынның жалпы мөлшері тарихта бұрын-соңды өндірілген барлық бағалы металлдың 15 пайызын құрайды. Соңғы 20 жылда нақты мәнде алтын – 17 пайыз, долларға шаққанда 6 есе, 2,2 трлн долларға дейін өсті. Тек 2023 жылы орталық банктер 1,037 мың тонна, 2022 жылы 1,037 мың тонна алтын сатып алды.
Investopedia сарапшылары алтын стандарт келмеске кеткеніне қарамастан көптеген елдің үкіметтері әлі де алтынға ие болу олардың валюталарының белгілі бір тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инфляциядан қорғайды деп санайды. Ал мемлекет портфелінде әртүрлі инвестициялық құралдардың болуы тәуекелді азайтады және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Қазақстанның алтын қоры қанша?
Ұлттық банк деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қараша айының соңында Қазақстанның алтын-валюта резерві 44,2 млрд долларды құрады. Бұл 2023 жылдың қорытынды көрсеткішінен 8,3 млрд (23,1 пайыз) долларға артық. Бұл ретте, алтын-валюта резервінің жартысынан астамы - 57,2 пайызы немесе 25,3 млрд доллары алтын түріндегі активтерге тиесілі.
Бүкіләлемдік алтын кеңесінің (World Gold Council) дерегіне сәйкес, қаңтар айының басында Қазақстан алтын-валюта резервінің ірі ұстаушылары рейтингінде 20- орында тұр.
Бүкіл әлемде алтынның бағасының өсіп келе жатқанын ескерсек, Қазақстанда да алтынның құны біртіндеп арта түсуде. Мысалы, қаржы сарапшыларының атап өтуінше, 2016 жылы алтынның бағасы бір унция үшін шамамен 1 200 доллар болды, содан кейін баға үздіксіз өсті. Өткен жылы бағасы бір унция үшін 1 900 долларға жетті.
Айта кетерлігі, 2016 жылдан бастап Қазақстанда «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жұмыс істейді. Оның аясында Өнеркәсіп министрлігі алтын өндірісін ұлғайтуға ықпал етті.
- Заң аясында отандық алтын өндіруші компаниялар ең алдымен алтынды үш аффинаждық компанияға – металдан құйма жасайтын зауыттарға сатып алуды ұсынуы тиіс. Бұл зауыттар сатып алудан бас тартқан жағдайда, олар алтынды экспорттай алады. Алайда 2016 жылдан бастап аффинаж зауытынан алтынды сатып алудың басым құқығы Ұлттық банкке берілген, - деп атап өтті қазақстандық ірі тау-кен өндіру компаниясының стратегия жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетов.

Сондай-ақ спикер Ұлттық банк Қазақстанда өндірілетін алтынның 100 пайыз көлемін сатып алғанын айтады.
- Меніңше, бұл – алтын өндіруді ынталандырған және Ұлттық банк оны нарықтық инвестициялық бағамен сатып алған табысты мемлекеттік-өнеркәсіптік саясаттың бірі. Бұл жақсы шешім болды және еліміздің алтын-валюта резервін нығайтуға көмектесті, - деп қосты сарапшы.
Осылайша, мемлекет қазақстандық алтын өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінің дамуына қолдау көрсетіп отыр.
Еліміздің қай өңірінде алтынға сұраныс жоғары
Ұлттық банк 2024 жылы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 1,7 тонна болатын 47 395 өлшеулі құйма сатты. Қаржы реттеушісінің статистикасына сәйкес, 2024 жылғы өлшеулі құймалардың басым бөлігі мына өңірлерде сатылды: Алматы (32 735 дана, 69%), Шымкент (5 200 дана, 11%) және Қарағанды (2 209 дана, 5%).
Қазақстандықтар үшін өлшеулі құймаларды сатып алу және сату кейбір банктерде, сондай-ақ жекелеген айырбастау пункттерінде қолжетімді.
ҰБ мәліметтеріне қарағанда, 2024 жылы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттері қазақстандықтарға жалпы салмағы 2,5 тонна болатын 71 106 өлшеулі құйма сатты. Бағдарлама басталғаннан бері сатылған алтынның жалпы саны - салмағы 7,9 тонна болатын 222 680 алтын құйма.
Бұл орайда Ұлттық банк халық арасында салмағы 10 грамм болатын алтын құймасы үлкен сұранысқа ие екендігін атап өтеді.
Осылайша, соңғы 10 жылдағы алтын құнына баға белгілеу барлық уақытта дағдарыс құбылыстарымен қатар жүрді. Алтын экономикалық күн тәртібінің көрінісі саналады, тұрақсыздық пен дағдарыс кезінде алтынның бағасы әрдайым өседі. Сондықтан бір унция үшін 3 000 доллардан асатын бағаның ең жоғары мәнін күткен жөн.
Бұған дейін елімізде заңсыз алтын өндіруден қанша шығын келгенін жазған едік.